Шымкентте «Адалдық алаңы» жобасы аясында цифрландыру енгізіліп жатыр

7 Сәуір 2019, 15:48
3966
Бөлісу:
Шымкентте «Адалдық алаңы» жобасы аясында цифрландыру енгізіліп жатыр
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі биылдың бірінші тоқсанын қорытындылады. «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ерасыл Төлебаев журналистерге арналған баспасөз брифингінде қандай жобалар атқарылғанын айтып берді.

«Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өткен жылдың соңында құрылған. Жыл басынан бері аталған кеңсе Шымкенттегі тұрмыстық жемқорлықты азайту мақсатына бірқатар салаға цифрландыруды енгізіп жатыр.

«Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастапқы мақсаты тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жойып, азаматтардың өмірін қолайлы ете түсу, яғни азаматтық қоғам және мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты белсенді ету. Жобалық кеңсенің құрамындағы мүшелері тек мемлекеттік қызметкерлерден (жергілікті әкімдік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюро, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі) ғана емес, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар және белсенді кәсіпкерлерден тұрады», - дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі әрі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының оқытушысы Ерасыл Төлебаев.

Жыл басынан бері «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі бірқатар жобаны атқарып жатыр екен.

Атап айтқанда, ASHYQ SAULET жобасы енгізіліп, соның аясында сәулет саласына қатысты 12 мемлекеттік қызмет түрлері цифрландырылған. Нәтижесінде, тұрғындар halyksaulet.kz порталынан сәулет саласына қатысты өтініштерін онлайн тапсырып, қажет құжаттарын алады.

«Бұдан бөлек, дәл қазіргі таңда SANKUR SHYMKENT жобасы қолға алынды. Бұл жоба аясында халықтың әлеуметтік аз қамтылған осал топтары шипажайларға емделу үшін электрондық кезекке тұрады. Соның арқасында олардың кезек алуы, кезекке тұруы оңтайланып, автоматты түрде жүзеге асады», - дейді жобалық кеңсе басшысы.

Ал MEKTEPKE JARDEM жобасы мектептердің жанындағы қамқоршылық кеңестерінің жұмысын реттейді. Яғни, бұған дейін мектепке жәрдем етпек болған қамқоршылық кеңестері қаржылай көмекті тікелей өткізіп, оның қалай игерілетінінен бейхабар қалатын. Оны бақылау мүмкін емес болатын. Енді MEKTEPKE JARDEM жобасы енгізілгеннен кейін, Шымкенттің мектептері білім басқармасымен бірлесіп, қамқоршылық кеңестері, басқа да демеушілер тарапынан берілетін қаржылай көмектің қалай түсетінін, қалай игерілетінін ашық етеді. Яғни, меценаттарға, демеушілерге арналған электрондық платформа әзірленеді. Қаржы сонда аударылып, қалай жұмсалғаны ашық көрініп тұрады.

Шымкенттегі өмір сүруді оңайлатуға бағытталған әрі автотұрақтар мәселесін шешуге септесетін жоба, ол - SMART PARKING жобасы. Осы жоба аясында бірыңғай қалалық автотұрақ кеңістігі құрылады. Яғни, автокөліктерге арналған тұрақтардың жұмысы автоматтандырылады. Дәл қазіргі таңда осы жоба аясында 5 ақылды автотұрақ жұмыс істейді. Апта сайын екі ақылды автотұрақтан ашылып жатыр екен.

Шымкенттік өндірушілердің тауар сатуына арналған бизнес-супермаркет те осы «Шымкент – адалдық алаңы» жобасы аясында жүзеге асырыла бастаған. BUSINESS SUPERMARKET жобасы негізінде қала кәсіпкерлері бір терезе бойынша барлық қызметке қол жеткізеді. Қазір аталған бизнес супермаркетті ашу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. 15 сәуірде іске қосу жоспарланған.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарға қазіргі заманғы басқару технологияларын енгізу қолға алынған. Қазір Шымкент әкімдігінің бес басқармасы, атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы, Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы, Туризм басқармасы, Цифрландыру басқармасы мен Мəдениет, тілдерді дамыту жəне архивтер басқармасы «open-space» қағидаты бойынша жұмыс тәртібіне көшкен. Бұл басқарма қызметкерлерінің жобалық жұмысты тиімді жоспарлауына және бақылау, қызметкерлерді ынталанандыруда заманауи қағидаттарды енгізуге мүмкіндік ашады.

Өзгелердің жаңалығы