Шымкентте 9 айда 6 елді мекен табиғи газбен қамтылды

20 Қараша 2023, 18:40
493
Бөлісу:
Шымкентте 9 айда 6 елді мекен табиғи газбен қамтылды
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкент қаласында табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, 2023 жылдың 9 айының қорытындысында 6 елді мекенде табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары аяқталған.

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқарамасының хабарлауынша, жыл басынан бері Шымкент қала аумағындағы Тұран (2-3 кезек), Бозарық (74 га аумақ), Асар-2, Сауле, Ақтас-1 және Арғымақ шағын аудандарында табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жалпы, 5 085 абонент табиғи газға қосылу мүмкіндігне ие болып отыр.

Сондай-ақ, жыл сонына дейін тағы Ақтас-2, Ақжар және Нұртас шағын аудандарындағы 1 120 абонентті табиғи газбен қамту жоспарланған. Осылайша, биыл атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шымкент қаласының халқын табиғи газбен қамту көрсеткіші 94 пайыздан 96 пайызға дейін өседі деп күтіліп отыр.

Шымкентте 9 айда 6 елді мекен табиғи газбен қамтылды

Сонымен қатар Қайнарбұлақ елді мекенінде мердігер мекеме «Отау Строй» ЖШС-і тарапынан газдандырудың 1-ші және 2-ші кезеңдегі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс 2024 жылы толық аяқтап, 14 403 абонент көгілдір отынға қол жеткізеді.

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқарамасының мәліметі бойынша, Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекеніндегі 716 абонентті газбен қамту үшін «Бірлестік» ЖШС-і тарапынан жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім берілген. Қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталуы тиіс.

Ал Айкөл елді мекеніндегі 150 абонентті газға қосу үшін келер  жылы жобалау-сметалық құжаттамасын әзірленіп, 2025 жылы құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім беріледі.

Өзгелердің жаңалығы