Шымкент қаласында мектеп оқушысына қатысты орын алған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. 7 жасар қыздың анасы мұғалімге қатысты ауыр айыптаулар айтып, құқық қорғау органдарына жүгінген. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға қалай белгілі болды?
Әлеуметтік желілерде Шымкенттегі мектептердің бірінде сабақ кезінде мұғалім кішкентай қызға қатысты әдепсіз әрекеттер жасады деген ақпарат тарады. Кейін бұл деректі баланың анасы растады.
Анасының айтуынша, мұғалім баланы тізесіне күштеп отырғызып, оның денесіне қол жүгірткен.
Ол қызымды алдына отырғызып, денесіне қол жүгірткен. Қызым орнынан тұрмақ болғанда жібермеген. “Жіберіңізші, ауырып кетті” дегеніне қарамастан, қолынан қатты ұстап отырған, – деген еді анасы.
Оның сөзінше, оқиға оқу процесі кезінде болған.
Ресми органдар не дейді?
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі оқиғадан кейін қыз балаға қажетті психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, оқиға анықталған сәттен бастап өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл мектепке барып, жағдайды өз бақылауына алған. Сондай-ақ ол баланың анасымен тұрақты байланыста.
Қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде, – деп хабарлады комитет.
Комитет өкілдері 2024 жылдан бастап елімізде кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін заңнамалық жауапкершілік күшейтілгенін еске салды. Физикалық және психологиялық зорлық көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Әрбір осындай жағдай уәкілетті органдардың ерекше бақылауында болады. Кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады, – деп атап өтті ведомство.
Полицияның мәліметі
Шымкент қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Күдікті ұсталған. Қазіргі уақытта мектептегі бейнебақылау камераларының жазбалары мұқият зерттеліп жатыр.
Тергеу амалдары жалғасуда.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе облысында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім жүкті болып қалған. Аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.