Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 500 жұмыс беруші шетелдік мигранттарды тиісті рұқсатсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты.
7 маусымда «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы басталған. Бір апта ішінде аталған фактілер бойынша 18 қылмыстық іс қозғалған.
Мәселен Шымкентте мектеп ғимаратында заңсыз жұмыс істеген 30 шетелдік анықталды.
Сондай-ақ іздеуде жүрген 78 қылмыскер ұсталды. Олардың қатарында жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін халықаралық іздеу жарияланған 27 қазақстандық және ТМД елдерінің 3 адамы бар.
Көші-қон қызметінің мәліметіне сәйкес, «Мигрант» операциясы барысында көші-қон заңнамасын бұзғандарға қатысты 518 сот шешімі қабылданды. Олар ел аумағынан шығарылды, - деді Нұрділдә Ораз.
Жыл басынан бері төлқұжаттарының мерзімі өтіп кеткен 675 шетелдікке елден қайту керектігі жайлы анықтама берген. Полиция 2,5 мың заңсыз мигранттың республикадан өз еркімен кетуіне көмектесті.