Шымкентте 3 магистралды су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр

26 Тамыз 2021, 14:53
3481
Бөлісу:
Шымкентте 3 магистралды су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында шағын аудандарды таза ауызсумен жабдықтау мәселесі қала әкімінің күн тәртібіндегі басты міндет болып отыр. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2023 жылы халықты 100% таза ауызсумен қамтамасыз ету жоспарлануда. 

Осы межеге қол жеткізу үшін елді мекендерге тиісті инфрақұрылымды жеткізу бойынша нақты жоспар бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі таңда қала тұрғындарын орталықтандырылған сумен жабдықтау көрсеткіші 95,6%-ды құрайды. Яғни, қаладағы 81 елді мекеннің бесеуі кестемен, жетеуі тасымалды ауызсумен, ал 69-ы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген.

Осы жылы 3 магистралды суаққы, тасымалды суды пайдаланатын 7 елдімекен және ауыз су кестемен берілетін 2 елдімекеннің құрылысы аяқталып, 25,6 мың адам сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Нәтижесінде, қамтылу көрсеткіші 98 пайызға өседі, - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шымкент қаласының Солтүстік Батыс бөлігінде орналасқан елді мекендерді ауызсумен қамту мақсатында жалпы ұзындығы 30 шақырымнан астам болатын үш магистралды суаққының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Аталған магистралды су құбырының құрылысы аяқталса Асар-2, Достық, Солтүстік саяжай, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Батыс, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ тұрғын алаптары, яғни онда тұратын 50 мыңға жуық тұрғын толыққанды сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, алдағы жылдары қала тұрғындары тіршілік нәрімен толық қамтылатын болады. 


Өзгелердің жаңалығы