Шымкентте 1300-ге жуық санақ учаскесі болады

31 Тамыз 2021, 18:22
3655
Бөлісу:
Шымкентте 1300-ге жуық санақ учаскесі болады
Сұхбат

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1 қыркүйектен кезекті Халық санағы басталады. Биылғы халық санағы 30 қазанға дейін жалғасады. Әр 10 жылда бір өтетін Халық санағында бұрынғымен салыстырғанда бірқатар өзгеріс бар. Қазір аймақтарда дайындық пысықталып, ертеңді күтіп отыр. Шымкенттегі дайындық қалай? Осы халық санағына қатысты сұрақтарымызға ҚР Стратегиялық жоспарлау жəне реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары Меруерт Болатқызы Жаңабаева жауап берді. 

Шымкентте 1300-ге жуық санақ учаскесі болады
– Шымкентте халық санағына дайындық қалай?

– Халық санағы шартты түрде екі кезеңнен тұрады. Біріншісі дайындық кезеңі. 1-30 маусым аралығында өтті. Арнайы оқытылған санақ персоналы, 300-ге жуық адам, үй-үйді аралап, мекенжайын нақтылап, сонда тұратын адам санын нақтылау жұмыстарын жүргізді.

Дайындық кезеңі негізгі кезеңге аудандастыру үшін жүргізіледі. Қала аумағын санақ учаскелері мен нұсқаушылық учаскелерге бөлінеді. Бүгінгі таңда Шымкентте 1300-ге жуық санақ учаскесі, 180-ге жуық нұсқаушылық учаске бар.

Әр санақ учаскесіне 1 санақшыдан келеді. 1300 санақшы, 180 нұсқаушы-бақылаушы болады. Ал екіншісі негізге кезең, яғни санақ жүргізу кезеңі, бұл 1 қыркүйек – 30 қазан аралығында өтеді. 

– Онлайн санақ қалай жүргізіледі?

– Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші санақ болып отыр. Басты ерекшелігі – қағаз жүзінде емес, электронды форматта өтеді. Электронды формат екі түрде болады. Біріншісі – онлайн санақ. Бұған арнайы сайт дайындалған: sanaq.gov.kz.

Сонымен қатар мобилді қосымша арқылы санаққа қатысуға, электронды үкімет порталында sanaq.gov.kz сайтына сілтеме болады. Үш тәсілмен онлайн түрде өтуге болады.

Онлайн санақ 1 қыркүйектен басталып, алғашқы 45 күн, яғни 15-қазанға дейін онлайн түрінде өтеді. Тәулігіне 24 сағат ашық болады. Сайтта санақтың сауалнамасына қатыса отырып, бір шаруа шығып қалса, тоқтатып, қайта жалғастыра аласыз. 

– Үй-үйді аралап санақ жүргізу қалай өтеді?

– Үй-үйді аралау, яғни үйді аралайтын кісілерді интервьюер деп атаймыз. Олар 1-30 қазан аралығында өзінің берілген санақ учаскесінде үйлерді аралайды. Аралау кезінде планшет пайдаланады. Бұл да электронды форматта болады. Онлайн санақтан өтпеген азаматтар интервьюерге сұхбат береді, бүкіл жауабы планшетте толтырылады. 

– Қандай сұрақтар болады?

– Барлығы 91 сұрақ бар. Сұрақтарға келетін болсақ, 4 санақ парағынан тұрады.

Біріншісі, 1-ПП нысаны деп аталады. Мұнда мекенжай бөлігі және тұратындар тізімі туралы сұрақтар қамтылады.

Екіншісі, 2-Ж нысаны деп аталады. Мұндай тұрғын үй жағдайы туралы мәліметтер, яғни тұрғын үй типі, ауданы, абаттандыру түрі мен бөлме саны туралы сұрақтар бар.

Үшіншісі, 3-И деген нысаны деп аталып, Қазақстанда тұрақты тұратын тұрғындарға арналады. Жынысы, туған күні, ұлты, білімі жэне некедегі жағдайы, тұрмыс жағдайы, жұмыспен қамтылу және денсаулығына қатысты сұрақтар болады.

Төртіншісі, 4-В нысаны деп аталатын парақ. Мұндағы сұрақтар Қазақстанда уақытша жүрген шетелдіктерге арналған.

Жынысы, азаматтығы, тұрақты тұратын елі, Қазақстан Республикасына келу мақсатын қамтыған сұрақтар жинақталған. 

– Үйіме кім келеді? Санақшының орнына бөгде адам, алаяқ келуі мүмкін ғой. Қалай танимыз?

– Интервьюер, яғни сұхбатшы, санақшы дегеніміз – арнайы оқытылған кісілер. Оларға міндетті түрде арнайы куәлік береміз. Куәлікте санақ логотипі, аты-жөні, фотосуреті, қолданылу уақыты және департамент басшысының қолы мен мөрімен расталады. Куәлікте нөмір болады. Сайтқа кіріп, осы нөмірді терген жағдайда аты-жөні шығады. Қолында планшеті мен сөмкесі болады. Мойнында мойын орағыш болады. Санақ логотипі бар.

Мойын орағышындағы логотипте 2020 жыл деп жазылған. Неліктен? Өйткені санақ 2020 жылы өткізілуі керек еді. Пандемияға байланысты 2021 жылы өткізіліп отыр. 

– Санақшыларға есік сыртынан жауап беруге бола ма?

– Сауалнамада 91 сұрақ бар. 91 сұраққа жауап беруге 30-40 минут уақыт кетеді. Есік сыртынан дауыс беруге болады. Бірақ бұл қиын. Барлық сұраққа жауап беруге уақыт керек. Және естілмей қалуы мүмкін. Егер санақшылардан күмəнданса департаменттің байланыс нөмірлеріне, колл-орталыққа жəне 102 нөмірі арқылы учаскелік полицейге хабарласуға болады. Колл орталық нөмірлері 1446 жəне 88000800878. Департаменттің байланыс нөмірлері 39-50-45, 39-50-75.

Тек респонденттер ғана емес, санақшыларымыз да қорқады. Өйткені түрлі адамдар бар. 

– Санақшылар вакцина салдырған ба?

– Вакцина салдырған адамдарды жұмысқа аламыз. Олар бетперде киеді, антисептиктері болады. Сондай қауіпсіздік заттарымен қамтамасыз етеміз. 

– Тұрғын өз үйіне санақшы келмегенін қаламаса, не істейді?

– Егер адам үйіне санақшы келгенін қаламаса, онда онлайн қатысуына болады. Нұсқаушылық учаскелері де ашылады. Мектептерде болады. Кез келген адам сонда барып, сұрақтарға жауап беріп, санақтан өте алады. Ірі кәсіпорындарда, ірі сауда орталықтарында санақ бұрыштары да ашылады. Келушілер мен қызметкерлері сол жерге барып, санақтан өте алады. Қазір мұндай санақ орны Шымкент қаласының Жұмыспен қамту орталығында ашылған. Адам үйіне санақшы келгенін қаламаса, сонда барып, компьютерде тапсыра алады. Интернетке қосылған компьютер жəне көмекшілер болады. 

– Халық санағы неліктен қажет?

– Халық санағы нәтижесінде алынған мәліметтер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, бағдарламалар әзірлеуге қолданылады. Бұл тек адам саны емес, елдің дамуы, өзгерісін салыстыру үшін де қолданылады. Халық санағы 10 жылда бір рет өтеді. Қазір елімізде ағымдағы жағдай бойынша 1 шілдеге 19 009 610 адам болды. 

– Бізде ерлер саны көп пе, әйелдер ме?

– 1 шілдедегі жағдай бойынша Шымкент қаласында 1 096 577 адам бар. Әйелдер мен үлесін алатын болсақ, ерлер үлесі 48,4 %, ал әйелдер 51,6 пайыз болып отыр. Туу көрсеткішіне келсек, 2021 жылдың қаңтар-маусымында 16 620 адам туды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімінен салыстырғанда 21 пайызға жоғары. Туу көрсеткіші жөнінен республикада 4 орындамыз. Бірінші орында Түркістан облысы тұр. Өмір сүру жасының ұзақтығы бойынша Шымкенттегі өмір сүру жасының орташа ұзақтығы – 71 жас. Ерлер 67, әйелдер 75 жас. Әйелдер ерлерге қарағанда ұзағырақ өмір сүреді. 

– Шымкентке адамдардың көшіп келу-кету көрсеткіші қандай?

– 2020 жылды алсақ, Шымкентке 26 мыңдай адам көшіп келген. 21 мыңдай адам көшіп кеткен. Келушілер саны көшіп кетушілерден басым. Миграция екіге бөлінеді. Сыртқы және ішкі миграция. Біздегі миграцияның көбі ішкі миграция. Шымкентке келушілер көп. 

– Шымкентте некелесу саны артты ма?

– Некелесі мен ажырасуға келсек, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында неке саны 62 пайызға өсті. Ажырасу көрсеткіші 32 пайызға азайды. 

– Жұмыссыздар саны көбейді ме, азайды ма?

– Жұмыссыздар санына келсек, Шымкентте 22 мың жұмыссыз адам бар. Жұмыссыздық деңгейі 5,1% болып отыр. 

– Сөз соңында айтарыңыз...

– Онлайн санақтан өткендерге SMS пен электрондық поштасына санақтан өткені туралы хабарлама келеді. Санақшыға сол хатты көрсету керек. Ал содан кейін санақшы үйдегі барлық мүшесі санаққа қатысқан-қатыспағанын сұрайды. Қатыспағандар болса, сол жерде офлайн санақтан өтеді. Биылғы Халық санағының слоганы – «Қазақстанда әркім маңызды». Бәріңізді санаққа қатысып, сұрақтарға жауап беруге шақырамыз. Санақ нәтижесіне қарап, еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына болжам жасаймыз.

Өзгелердің жаңалығы