Шымкентте 10 үздік қызметкерлердің аналары марапатталды

6 Наурыз 2023, 19:43
981
Бөлісу:
Шымкентте 10 үздік қызметкерлердің аналары марапатталды

Шымкентте 10 үздік қызметкерлердің аналары марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шымкент қаласы полиция департаментінің жеке құрамы қыз-келіншектерге ерекше құрмет білдіріп, мерекелік іс-шара ұйымдастырды. 

Салтанатты жиынға, қызмет бабында қаза болған полицейлердің жұбайлары, үздік офицерлердің аналары мен жеке құрамның барлық қыз-келіншектері қатысты.   Департамент бастығы Қайрат Дәлбеков нәзік жандылар қауымына ізгі тілек білдіріп, қызметтегі жоғары жұмыс нәтижесі үшін алғыс айтты. 

Сіздерді айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін! Көңілдеріңіз нұрға, құшақтарыңыз гүлге толсын! Әрдайым, жолдарыңыз ашық, мәртебелеріңіз биік болсын, – деді Қайрат Сұлтанбайұлы.   

Ыстық ықыластың соңы марапаттау рәсімімен жалғасты. Ең алдымен қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан полицейлердің жұбайларына арнайы сый-сияпаттар табысталды. Содан соң, ҚР ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес, өз қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Шолпан Алдиярова “Құрмет” грамотасымен,  Перизат Маймакова “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медальмен марапатталды.

Тағы бес аруға “Қазақстан полициясына 30 жыл” мерекелік медалі және үш сақшы қызға “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ 7 қызметкер ІІМ-нің грамотасы мен алғыс хатын иеленді. Мегаполис әкімі де өз ісіне адал полицейлерді назардан тыс қалдырмады. 

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай қала әкімінің алғыс хатымен Жұлдыз Тасқұлов бастаған жалпы саны 4 ару марапатталды. Департамент бастығының бұйрығымен жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы Сағымбеков Ерлан, Әл-Фараби АПБ тергеу бөлімінің тергеушісі Мұстафа Махсұт, патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Оразалиева Асылжан сияқты қызметіне адал 10 полицейдің анасына “Үздік офицердің анасы” медалі табыс етілді. Тағы 6 қызметкерге Шымкент ҚПД-нің грамотасы мен алғыс хаты беріліп, 10 сақшының тәртіптік жазасы мерзімінен бұрын алынды. Мерекелік жиын соңы нәзік жандыларға арналған эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасты. 

Өзгелердің жаңалығы