Шымкент қаласының 2025 жылға дейінгі бас жоспары қайта қаралады

10 Қараша 2022, 21:57
1490
Бөлісу:
Шымкент қаласының 2025 жылға дейінгі бас жоспары қайта қаралады

Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың көлік-логистикалық аймағын кеңейтуді, сондай-ақ бүкіл оңтүстік өңір үшін аймақтық хаб құруды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінгі таңда бұл мәселені жергілікті атқарушы органдар «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлесе отырып пысықтауда. Мәселе ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тұрақты бақылауында. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша даму қажеттіліктері мен перспективаларын ескере отырып, қаланың 2025 жылға дейінгі бас жоспары өзектендірілетін болады. Осылайша, қала әкімдігі бас жоспарға түзетулер енгізуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды қараша айының соңында аяқтау жоспарлануда, әзірлеуші «Градкомплекс» ЖШС болып табылады. Қала әкімдігі қоғамдық тыңдаулар өткізіп, жобалық шешімдер бойынша қала тұрғындарының пікірлері ескерілетін болады. 

Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы айта келе, Шымкентте «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде қолжетімді несиелік тұрғын үй салу бойынша жұмыстар жалғасатынын атап өткен жөн. Қаланың елді мекендері мен шағын аудандары қажетті коммуналдық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша А-2 айналма автожолының құрылысын аяқтау жөнінде де шаралар қабылданатын болады. Естеріңізге сала кетейік, А-2 айналма жолын қайта жаңарту бойынша жобаны жүзеге асыру үрдісі 2020 жылы басталған болатын. Жоба 8 учаскеге бөлінген, қазіргі уақытта 1 және 3 учаскелердегі жұмыстар аяқталды. Жылдың соңына дейін екінші учаске бойынша жұмыстар аяқталады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы