Шымкент. Наурыз мейрамы 9 жерде тойланады

20 Наурыз 2022, 19:00
3709
Бөлісу:
Шымкент. Наурыз мейрамы 9 жерде тойланады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 22 наурыз 2022 жылы Шымкент қаласы Наурыз мейрамын қарсы алады. Биыл Ұлыстың ұлы күні биыл қаланың ең танымал 9 орнында тойланады. 

Мерекені тойлау сағат 10.00-де.   басталады. Бұл туралы Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Шымқала». Аталған алаңда Ұлы далада әз Наурызды дәстүрлі түрде тойлау салтанат құрады. Шымқала алаңында ғасырлық тарихы бар кілемдер көрмесі, шайхана, сүт өнімдері мен тәттілердің сан түрі қойылған. Мерекелік кеште қазақ дәстүрлі музыкасының хас майталмандары, эстрада жұлдыздары – Айгүл Иманбаева, «Хазар» ұлттық-фольклорлық тобы т.б әртістер өнер көрсетеді.

Орталық саябақ. Шымкенттегі ең көне саябақ қонақтарды тұшымды да көңілді бағдарламамен қуанту дәстүрінен айныған емес. Эстрада жұлдыздары, әзіл-оспақ театры, наурыз көжеден дәм таттыру және интерактивті бағдарлама Орталық саябаққа келушілердің назарына ұсынылады.

Арбат. Қаланың сүйікті серуендеу аймағында мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылады. Онда сан түрлі сувенирлер ұсынылып, дәстүрлі қазақ асханасы мен фотоға түсу алаңы жұмыс істейді.

Әл-Фараби алаңы. Басты мерекелік кеш өтетін алаң. Маржан Арапбаева, Тұрар Рахимберлин, Ақерке Тәжібаева сынды отандық эстрада жұлдыздарының жаңа хит әндерінің тұсауы кесіліп, халық музыкасы мен этно-фольклорлық туындылардың төлтума интерпретациясы салтанат құрып, дәм таттыру мен жан жадыратар тосын сыйлар күтеді.

Дендро саябақ. Шымкент – талантты жастар шаһары. Бұған Дендро саябаққа ат басын бұратын қонақтардың көзі жетеді. Шынайы байқаулар, музыкалық құттықтаулар және интерактивті эко-бағдарламасы бар.

Шымкент циркі алаңы. Бұқаралық алаңда қонақтарды цирк әртістерінің қатысуымен мазмұнды музыкалық бағдарлама, сәйгүлікпен серуендеу және интерактивті көңіл көтеру бағдарламасы күтеді.

Металлургтер саябағы. Бұл Наурыз-2022 мерекелік алаңдарының ішіндегі отбасылық алаң саналады. Ішкі үйлесім, дос-жаран, отбасы мен жақындардың арасында жарқын уақыт өткізуге, сондай- ақ жайлылық пен жанға жайлы әңгіме айтуды сүйетіндер үшін таптырмас орын.

Қажымұқан атындағы Орталық стадион. Көктем – тек табиғаттың жаңару кезеңі ғана емес, сонымен қатар белсенді өмір салтына қайта оралу кезі. Стадион маңында спорт жарыстары, дәстүрлі спорт түрлері бойынша турнирлер, ерекше жарыстар ұйымдастырылады.

Жеңіс саябағы. Шаһардың ең кішкентай тұрғындары мен қала қонақтарына арналған алаң.

Өзгелердің жаңалығы