Шымкент қаласында мемлекеттік мектептерде 170 мыңнан астам оқулық жетіспейтіні анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін 46 мыңнан астам оқушы қажетті оқу әдебиеттерімен қамтамасыз етіліп, заң бұзушылықтарға жол берген 73 тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Шымкент қаласы Еңбекші ауданының прокуратурасы оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету саласында бірқатар жүйелі заң бұзушылықты анықтады. Тексеру барысында мектептердегі кітап қорының жеткіліксіздігі, оқулықтардың тозуы және оларды жаңарту талаптарының сақталмауы белгілі болды.
Атап айтқанда, қаладағы мемлекеттік мектептерде 170 мыңнан астам оқулық жетіспеген. Сонымен қатар 110 мыңнан астам тозған және пайдалануға жарамсыз кітап анықталған. Жалпы оқулық қорының шамамен 74%-ын құрайтын 2 миллион дана оқулықты жаңарту қажет болған.
Прокуратура мәліметінше, соңғы үш жылда оқушылар санының өзгеруіне байланысты кітап қорына түгендеу жүргізілмеген. Оқулықтарды жаңарту мерзімділігі сақталмай, сатып алынған кітаптар мектептердің нақты қажеттілігін толық өтемеген, - деп хабарлады Шымкент қаласының прокуратурасы.
Мектептердің сұранысы толық орындалмаған
Оқулық тапшылығына қатысты заң бұзушылықтардың бірі Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясында анықталған.
Мектеп бесінші сынып оқушыларына арналған ағылшын тілі пәнінен 293 оқулық сұратқанымен, небәрі 90 данасын алған. Соның салдарынан оқушыларға мұқабасы мен түптері бүлінген, кейбір парақтары жоқ және тозығы жеткен кітаптар берілген.
Бұл жағдай мектептердің оқу әдебиеттеріне деген нақты қажеттілігін анықтау және оқулықтарды уақтылы жеткізу жұмыстарының тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын көрсетеді.
Прокуратура араласқаннан кейін қандай шаралар қабылданды?
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде 46 мыңнан астам оқушы қажетті оқулықтармен қамтамасыз етілді. Ал анықталған заң бұзушылықтарға жол берген 73 тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар қала әкімдігі кітап қорын есепке алу және мектептердің оқулықтарға деген қажеттілігін жоспарлау жұмысын жетілдіру мақсатында «Alaqan» электрондық кітапхана жүйесін енгізді.
Жаңа жүйе оқулықтарды есепке алуды ретке келтіруге, мектептердің қажеттілігін нақтылауға және оқу әдебиеттерін жоспарлау тиімділігін арттыруға бағытталған.
Осылайша, прокурорлық қадағалау нәтижесінде мыңдаған оқушыны оқулықтармен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Ал электрондық жүйені енгізу мектептердегі кітап қорын басқару жұмысын жетілдіруге арналған.
Тағы оқи отырыңыз: Онлайн саудадағы тұзақ: WhatsApp-тағы сатушыға сенген ақтөбеліктер қомақты қаржысынан айырылды
Несие алуға келгендер артық ақша төлеген: «Экспресс Займға» қатысты тергеу жүріп жатыр
Зейнетақысы тоқтап, жұмыстан айырылғандар: Прокуратура 917 азаматтың құқығын қорғады