Шымкент әкімі басқармаға «қос азаматтығы» бар шенеунікті басшы етіп тағайындаған

4 Ақпан 2021, 17:17
5408
Бөлісу:
Шымкент әкімі басқармаға «қос азаматтығы» бар шенеунікті басшы етіп тағайындаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Олег Почиваловтың «қос азаматтығы бар» деген әңгіме желтоқсан айында басталған. Бүгін бұл ақпаратты Шымкент қалалық полициясы растады.

Журналист Михаил Козачков желтоқсан айында өзінің Kozachkov offside телеграм-каналында «Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов» деп көрсетілген құжаттың көшірмесін жариялап, «Олег Владимирович! Сіздің қос азаматтығыңыз бар ма? Мемлекеттік қызметке қалай келіп жүрсіз?» деген сауал тастаған болатын. 

Шымкент әкімі басқармаға «қос азаматтығы» бар шенеунікті басшы етіп тағайындаған

Осыдан кейін бұл тақырып қоғамда қызу талқыланды. Ал Шымкент қаласының әкімдігі аталған ақпаратты жоққа шығарған болатын.

Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловта бір ғана азаматтық бар. Ол – Қазақстан Республикасының азаматы, – деген еді қалалық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Малика Жәлилова. 

Алайда Шымкент қалалық полициясы және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев тексеріс жүргізіп, Почивалов мырзаның екі азаматтығы барын анықтады. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өндірісіндегі құжаттарға сәйкес, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы О.Почиваловтың Ресей Федерациясы азаматтығына қатысты Шымкент қалалық полициясы департаменті сұраныс хат жолдаған болатын. 03.02.2021 жылы №154 кіріспен Шымкент қаласы полиция департаментіне Қазасқтан Республикасының азаматтығынан айыру жәйіті тіркелгендігі туралы мәлімет келді. «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» заңы 61-бабының 10-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы мемлекеттік қызметті тоқтатуына негізі болып табылатындығын хабарлаймыз, - деген департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әли Көмекбаев. 

Шымкент әкімі басқармаға «қос азаматтығы» бар шенеунікті басшы етіп тағайындаған

Бұл хаттың көшірмесін әлеуметтік желіге блогер Айгүл Орынбек жүктеді. Ол Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтен қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысын қашан қызметінен босатасыз деп сауал тастады. 

Шымкент әкімі басқармаға «қос азаматтығы» бар шенеунікті басшы етіп тағайындаған

Айтқаным айдай келді ме?! Почивалов Ресей азаматы болып шықты! Ал Әйтенов қашан босатасыз шет ел азаматын басшылық қызметтен? Осы уақытқа дейін алынған айлық жалақысы мемлекетке қайтарылсын! Әйтеновтың таңдаған кадры! Заңсыз отырған болып шықты!, - деп жазды Айгүл Орынбек. 

Шымкент әкімі басқармаға «қос азаматтығы» бар шенеунікті басшы етіп тағайындаған

Айта кетейік, 10 желтоқсанда Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди қос азаматтықпен ұсталғандардың арасында мемлекеттік қызметшілердің барын айтқан еді. 

Ол 2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қос азаматтыққа қатысты 431 факт тіркелгенін, екеуі мемлекеттік қызметші екенін жеткізген. 

Олег Почивалов –  бұл қызметке тағайындалғанша «Қазақстан спорттық ату федерациясы» ҚБ»-ның бас хатшысы, Азия ату конфедерациясы бас ассамблеясының атқарушы комитетінің мүшесі (ASC),«Ату түрлерінен олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК»-ның директоры қызметтерін атқарған. 

Сондай-ақ стенд ату бойынша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Өзгелердің жаңалығы