Шымкент – жүзден астам этносты бауырына басқан қала – Әбдірахымов

22 Мамыр 2019, 20:00
2503
Бөлісу:
Шымкент – жүзден астам этносты бауырына басқан қала – Әбдірахымов
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясы өтті. Шымкент – республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанынан кейін тұңғыш өткізілген сессия «Қоғамдық келісім формуласы: бірлікпен жаңғыруға» тақырыбына арналды. 

Қаладағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында ұйымдастырылған сессияға барлығы 1000-ға жуық адам қатысты. Сессияны Шымкент қаласының әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ғ. Әбдірахымов Ғабидолла Әбдірахымов ашты. 

Ол баяндамасында елдегі бейбітшілік пен татулықты орнықтырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен ел бірлігін нығайту бағытындағы маңызды мәселелерге тоқталады. 

   ҚХА-ның XXVII сессиясына Шымкенттен 26 делегат қатысты

«Біз бүгін Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясында бас қосып отырмыз. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген басты табысы – халқымыздың біртұтастығы. Елбасының сара саясаты, дара ұстанымының арқасында қоғамдық келісім – Тәуелсіздігіміздің басты тұғырына айналды. Ассамблея елімізде бейбітшілік пен татулықты орнықтыруда бітімі бөлек институт болып қалыптасты. Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясына Шымкенттен 26 делегат қатысты. Алқалы жиында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі бірліктің ұйытқысы, берекенің бастауы болғанын айрықша айтты. Сындарлы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде сан алуан этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанын жеткізді. Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент бүгінде жүзден астам этнос өкілдерін бауырына басқан еліміздегі ірі қалалардың қатарында. Бағалай білгенге бұл үлкен күш, ауқымы кең әлеует», - деген әкім өткен жылы қала әкімі аппаратынан Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы құрылып, «Қоғамдық келісім» мекемесі жұмысын басталғанын айтып өтті.

Оның сөзінше, былтыр қалалық ассамблея жанындағы 7 құрылымның, атап айтқанда, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ, Журналистер мен блогерлер клубы, Медиация кеңесі, Ақпараттық-насихаттық топ, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жетекшілері бекітіліпті. Сонымен қатар Ассамблеядағы қоғамдық негіздегі 3 орынбасардың кандидатурасын мақұлданған. 

  Шымкентте 15 этномәдени бірлестік жұмыс істейді 

Статистикалық деректерге сәйкес, қазір 1 млннан астам тұрғыны бар Шымкент халқының 66,7 пайызы қазақ ұлтынан тұрады. Ал 17,7 пайызын – өзбектер, 9,1 пайызын – орыстар, қалған 6,5 пайызын өзге этнос өкілдері (әзірбайжандар – 1,7%, татарлар – 1,02%, түріктер – 0,7%, корейлер – 0,6% және т.б.) құрайды. 

Шымкент – жүзден астам этносты бауырына басқан қала – Әбдірахымов

«Қазіргі таңда Шымкенттің мәдени әралуандығын қамтамасыз етуде қалалық 15 этномәдени бірлестік (славян, өзбек, армян, әзірбайжан, грек, грузин, түрік, татар-башқұрт, корей, күрді, неміс, иран, ұйғыр, шешен-ингуш және «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі») жұмыс жүргізіп, халқымыздың бауырластық, еңбеккерлік сынды асыл дәстүрін үздіксіз жалғап келеді.  Атап өтуім керек, қалалық ассамблеяның қызметі мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізумен ғана шектелмейді. Сан қырлы ауқымды мәселелерді қамтиды.
Соның ішінде ең маңыздысы – қоғаммен жан-жақты байланыс орнықтырып, тұрғындармен еркін пікір алмасу алаңын құру», - деді қалалық ҚХА төрағасы Ғ. Әбдірахымов. 

Ассамблея қоғамдық келісімді нығайту мақсатында «Сарқыт», «Сыбаға», «Шашу», «Асар» сынды қайырымдылық шараларын өткізеді. Сондай-ақ, Медиация кабинетінің және қаладағы медиаторлардың ықпалымен туындаған 146 дауға нүкте қойылып, тараптар келісімге келді. «Мектеп медиациясы» жобасы аясында 157 педагог-психолог медиацияның негізін үйреніпті.
Дауларды сотқа дейін реттеу мақсатында медиацияны дамытуға жауапты 6 құрылым, яғни қалалық ҚХА, қалалық сот, қалалық Әділет департаменті, қалалық «Кәсіподақтар орталығы», қалалық Адвокаттар алқасы, қалалық Нотариалдық палата арасында меморандум түзіліпті. 

Шымкент – жүзден астам этносты бауырына басқан қала – Әбдірахымов

     «Шымкентте Алғыс айту күнін бір апта тойлады» 
Шымкент қаласында биылғы 1 наурыз – Алғыс айту күні бір бойына аталып өтті. 1 наурыз басталардан бір апта бұрын Ассамблея мүшелері сыбаға үлестіріп, қала аумағын тазалады. Көршіге ізет көрсетіп, ұстаздарды құрметтеді. Тарихқа тағзым жасап, ықыласын білдірді. Ұрпақтар сабақтастығын жаңғыртып, Алғыс айту күнімен қорытындылады. 

«Ассамблеяның «Қазақтану» жобасы аясында өткен биылғы «Наурыз керуені» жобасы жұртшылық тарапынан жағымды қабылданды. Ассамблея алаңында этностардың ұлттық мейрамдары өткізіліп, «Халықтық бренд» жобасы аясында үздік кәсіпкерлердің шеберлік дәрістері ұйымдастырылды. Жоғары оқу орындарымен бірлесіп, «Ұлы дала өркениетінің маңызы мен құндылықтары» және «Ұлы дала құндылықтарын жаңғырту» тақырыптарында халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Қазақ тілін оқып-үйренуге ынталы этнос өкілдері үшін осы ғимаратта мемлекеттік тілді оқыту курсы ашылды. Республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының штабы құрылып, 32 колледждегі «Достық» клубының жұмысы жүйеленді. Жалпы, қалалық ассамблея өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін соңғы 5 айда кешенді жұмыс атқарды», - деді Ғабидолла Әбдірахымов. 

Шымкент – жүзден астам этносты бауырына басқан қала – Әбдірахымов

Айта кетсек, жиынға аудан әкімдері, қалалық басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, құқық қорғау органдарының жетекшілері, қалалық мәслихаттың депутаттары, қалалық ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің, діни конфессиялардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының ректорлары, аудандардан келген делегациялар, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Сессия қатысушыларының қала тұрғындарына арналған үндеуі қабылданып, «Бірлігі жарасқан берекелі Шымкент!» тақырыбындағы бейнефильм көрсетілді. 

Сессия соңында қалалық этномәдени бірлестіктердің қатысуымен дайындалған концерттік бағдарлама көпшіліктің назарына ұсынылды.


Өзгелердің жаңалығы