Шымкент 10 млн долларға шетелден дәрі сатып алмақшы

11 Шілде 2020, 12:49
1672
Бөлісу:
Шымкент 10 млн долларға шетелден дәрі сатып алмақшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент дәріханаларын тиісті дәрімен қамтамасыз ету мақсатында көрші елдерден дәрі шығаратын фарм компаниялармен 10 миллион АҚШ доллары болатын дәрі-дәрмек алуға келісімшарт жасалды. 

Бұдан бөлек, қаладағы сегіз фармкомпанияға шетелден біржолғы тасымалмен дәрі әкелу бойынша рұқсат беріліп отыр. Қазіргі таңда Украина елінен дәрілердің алғашқы легі ұшақпен Алматыға келді. Енді жүк көлігімен Шымкентке жеткізіледі. Осылайша, қаладағы дәріге деген тапшылықты шешу жағы қарастырылып жатыр. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді.

Оның айтуынша, пневмония мен ЖРВИ-ға байланысты халық арасында сұранысқа ие "левофлоксацин" препаратының 1 млн 600 мың флаконы, 414 мың флакон "цефтриаксон", 100 мың қорап "дексаметазон" және 200 мың қорап "аскарбин қышқылы" сынды 20-дан аса қажетті дәріні алу бойынша келісімшарт түзілді.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында тіркелген 560 дәріханада бір айлық дәрі-дәрмек қоры бар. Онда дене қызуын төмендететін препарат, вирусқа қарсы препараттар мен антибиотиктер және "С" дәрумендері бар. 

Қала әкімінің бірінші орынбасары, сондай-ақ, дәрінің бағасын бақылау мақсатында құрылған төрт мониторингтік топ бүгінде 167 дәріханада болып, халық сұранысындағы дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі мен бағасының тұрақтылығына зерделеу жұмыстарын жүргізгенін айтты. Нәтижесінде 50-ден аса жайт анықталып, оның 10-на қылмыстық іс қозғалған.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қазақстан мыңға жуық дәрі түрін өзі өндіретінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы