Шығыстағы Марқакөл мектебіне 15 жылдан кейін жаңарту жұмыстары жүргізілді

16 Желтоқсан 2022, 14:44
1378
Бөлісу:
Шығыстағы Марқакөл мектебіне 15 жылдан кейін жаңарту жұмыстары жүргізілді

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Марқакөл ауылдық мектебінде «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Жоба білім беру сапасын арттыруға, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді трансферттеуге және тірек мектептердің қажетті материалдық-техникалық базасымен қамтамасыз етуге бағытталған.

Білім ордасының басшылығы мектеп соңғы 15 жылдан бері жаңартылып енді отырғандығын алға тартты.  

Бүгін бизнес, мектеп және әкімдіктің бірлескен жұмысының арқасында осындай жемісті нәтижені көріп отырмыз, - дейді мектеп директоры Жарқын Үркімбаев.

Білім беруді тұрақты дамыту қорының және жоба серіктесі «Назарбаев Зияткерлік мектебі» мамандарының күшімен мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмыстар жүргізілді. Талдау нәтижелері негізінде мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар жасалып, ұстаздарға қажетті біліктілік арттыру курстары белгіленді. 

Шығыстағы Марқакөл мектебіне 15 жылдан кейін жаңарту жұмыстары жүргізілді

Педагогикалық құрамға арналған қарқынды оқыту бағдарламасы 2023 жылдың ақпанына дейін өткізіледі. Алайда бағдарлама аяқталғаннан кейін де мектеп 2025 жылға дейін үш жылдық әдіснамалық сүйемелдеуге көшеді.

Мектептің атмосферасы өзгерген. Жоба басында мұғалімдердің көбінде сенімсіздік болды. Содан Назарбаев мектептеріне оқуға барды, білімін жетілдірді. Келуіне қарсы мектепте қажетті барлық жаңа құрал-жабдықтар дайын, оларды күтіп тұрды. Енді мұғалімдеріміз әр сабағын оқушыны қызықтырып, ерекше өткізгісі келеді, – дейді Жарқын Үркімбаев.  

Жоба аясында 26 оқу кабинеттері, STEM лаборатория, телестудия, спорт және акт залдары жасақталған. Қаржыландыру «Қазақстан Халқына» қоры тарапынан жүргізіліп, оған 250 млн теңге бөлінді. Beeline Kazakhstan компаниясы жоба доноры ретінде танылады.

Біздің қор тірек мектептерді дамытумен айналысады. Жоба қазір Қазақстанның 17 облысын қамтиды, онда 13 000-ға жуық бала оқып, 2 000-ға жуық мұғалім жұмыс істейді деп атап өтті Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев. 

Маңыздысы - мектептегі жаңашылдықты оқушылардың бағалауы.

Бізге STEM лаборатория мен телестудияны орнатқан кезде өз көзімізге өзіміз сенбейтіндей болды. Шын мәнінде қамқорлықты сезіндік. Бізге осындай мүмкіндік бергеннің өзі қандай керемет! Осы күні қала мектептерінің көбінде мұндай жоқ, ал енді біздің Марқакөлде бар, – дейді оныншы сынып оқушылары Қабдуали Аружан мен Саматова Еңлік.

Шығыстағы Марқакөл мектебіне 15 жылдан кейін жаңарту жұмыстары жүргізілді

Атап өту керек, іс-шара «Ашық есік күндері» форматында өтті. Оған ауылдың белсенді азаматтары, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жоба демеушілері мен серіктестері қатысты.

Келген қонақтарға өңделген білім беру бағдарламасының қорытындылары таныстырылып, жаңа кабинеттер көрсетілді. Мектепте барлығы 420 оқиды, оларға 59 мұғалім сабақ береді.  

Өзгелердің жаңалығы