Шығыстағы ең ұзын көпірдің құрылысы қашан аяқталады?

19 Сәуір 2023, 19:55
871
Бөлісу:
Шығыстағы ең ұзын көпірдің құрылысы қашан аяқталады?
Фото: newsroom.kz

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы үстінен салынып жатқан көпір құрылысы келер жылдың соңында аяқталуы мүмкін деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес екі жыл бұрын Бұқтырма су қоймасында еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы басталған кезде күршімдіктер ғана емес, бүкіл өңір жұртшылығының қуанышында шек болмағаны рас. Шынымен де, ұзақ жылдар бойы пароммен қатынап келе жатқан аудан үшін бұл өткелдің маңызы зор. Бір ғана нысан жол мұратын жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің тынысын ашып, қайта дамуына тың серпін бермек.

Аймақта осыған дейін тұрғызылған Бұқтырма, Өскемен су-электр станциялары мен зауыттардан кейінгі ғасырдың алып құрылыстарының бірі болайын деп тұрған нысанды алдағы екі жыл аясында толық аяқтап, ел игілігіне жарату жоспарланған. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстарға өз бағасын берген Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышов өткен жылы аудандағы экономикалық көрсеткіштердің оң болғанын атап өтті.

Ауданымыз географиялық орналасуы қолайсыз. Біріншіден, ол шалғай орналасқан, екіншіден, логистикалық тікелей қатынас жоқ. Ауданның бір шетін Зайсан көлі, екінші шетін Бұқтырма су қоймасы қоршап жатса, тағы бір шетін Алтай таулары бөліп тұр. Сол себепті Күршім ауданы өзіндік бір аралда орналасқан десек артық айтпаған болармын. Бұл біршама қолайсыздық тудырып жатады. Ауданымызға қажетті тауарлар мен басқа да заттар паром арқылы жеткізіледі. Осы жерден-ақ әр тауарға қосымша құн қосылады, – дейді аудан басшысы.

Қазіргі уақытта ауданда бірқатар мәселе бар екенін айтқан ол бизнес пен қызмет көрсету салаларының нашар дамуын, инфрақұрылымдық проблемалардың да бар екенін атап өтті. Дей тұрғанмен мәселелерді шешу жұмыстары тоқтап тұрған жоқ. Бүгінгі күні аудан үшін маңызды құрылыстардың бірі – Бұқтырма су қоймасынан өтетін көпір. Алып құрылыс әрбір күршімдіктің көз қуанышына айналып отыр.

Көпір құрылысы осы уақытқа дейін бір рет те тоқтаған жоқ. Жоспар бойынша аяқталады деген үмітіміз бар. Сонымен қатар қазіргі уақытта Күршім ауылының кіреберісіндегі ескі көпірді де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақында жөндеу жұмыстары аяқталатын көпір биыл ел игілігіне берілетін болады, – деді Алмат Ақышов.

 

Жұмыс қысы-жазы еш тоқтамаған емес

 

Бұқтырма су қоймасының үстінен өтетін көпір құрылысы жайында халық арасында түрлі сыбыстың тарағаны рас. Соның бірі – құрылыс қыс мезгілінде кідіріп қалады деген пікір. Дей тұрғанмен өткел құрылысының басы-қасында қадағалап жүрген учаске бастығы Юрий Чановтың айтуынша, жұмыс қыста қыза түспесе, бәсеңдемейтін көрінеді. Жаз уақытында бетондау жұмыстары көбірек жүргізілсе, қыста техникалық көпірді салуға көбірек күш жұмсалады. Өйткені қыста толқын аз болатындықтан, салдар шайқалмай орнықты тұрады. Осылайша, қысқы дайындық жұмысын неғұрлым көп жүргізсе, жазда соғұрлым жеңілірек болатын көрінеді.

Әкесі де көпір құрылысшысы болып еңбек еткен Юрий Чанов Катонқарағай ауданының Барлық (бұрынғы Печи) ауылында туған.

Әкем – Барлық ауылындағы Бұқтырма өзенінен өтетін көпір құрылысына қатысқан адам. Кейін өз басым көптеген басқа салаларда жұмыс істеп көрдім. Бірақ әкемнің ақылымен осы салаға қайта оралдым, – дейді ол.

Қазіргі уақытта көпірдің алты тағаны толықтай дайын болса, 14-ші және 15-ші тағандар сексен пайызға аяқталған. Тағы екі тағанның дайындық жұмыстары елу пайызға жеткен. Жалпы, көпір салу жұмыстары кезінде бірінші кезекте жанама көпір салынып, сонан соң оларға жалғастырып крандар мен түрлі техникалар тұрып жұмыс істей алатын арал тәріздес орындар тұрғызылады. Содан кейін ғана негізгі көпірдің тағандары құйылады.

Ол үшін 38 метрлік құбырларды тігінен орнатып, ішіне су астында беріктігі арта түсетін арнайы бетон құямыз. Жалпы, бір ғана тағанға мың текше метрден астам бетон құйылады. Жер бедеріне байланысты құбырлардың биіктігі де әртүрлі болады. Өйткені тағандар берік жер қабатына мықтап бекітілуі тиіс. Еліміздегі ірі құрылысқа қатысу – біз үшін үлкен жауапкершілік. Бұл Қазақстандағы ең ұзын көпірлердің бірі болмақ. Әрине, елімізде осындай ұзын көпірлердің бар екені мәлім. Бірақ олардың астынан ағып өтетін өзендердің ені өте кішкене. Ал біздің көпірдің негізгі бөлігі су қойманың үстінде әрі терең жерінде орналасады. Міне, біздің көпірдің басты ерекшелігі осында, – дейді Юрий Чанов.

Құрылысшылар қаржыландыру тұрақты жүргізілсе, жоспарланған 21 таған уақытынан кешіктірілмей орнатылатынын айтады. Жалпы, көпір құрылысының аяқталу уақыты 2025 жылға жоспарланған, бірақ келер жылдың соңына қарай іске қосылып қалуы әбден мүмкін. Биіктігі 18 метрлік көпірдің ортаңғы тұсында ені 75 метрлік су көліктері өте алатын екі өткел болады.

Бүгінде көпір құрылысына жұмылдырылған жұмысшылардың сексен пайызына жуығы жергілікті тұрғындар болса, қалғаны – алыс-жақын аймақтардан шақыртылған мамандар. Юрий Чановтың айтуынша, мұндай мамандарға бұрғылау машиналарының машинистері мен 75 тонна салмақ көтеретін крандардың жүргізушілері жататын көрінеді.

Германиядан арнайы шок-трансмиттер құрылғыларын алдырдық. Мұндай құрылғылар көпір үстінде келе жатқан көліктер кілт тоқтаған кезде болатын шайқалысты азайтып, көпір бөліктерінің бір-бірімен соқтығысуын бәсеңдетеді. Осылайша, оның ұзақ әрі қауіпсіз қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді, – дейді Юрий Чанов.

 

Құрылысқа жергілікті жігіттер тартылып отыр

 

Прораб Бахтияр Айжановтың айтуынша, барлық жұмыс жоспар бойынша жүргізіліп жатқан көрінеді. Екі ауысымда жұмыс істейтін бұрғылаушы мамандар күндіз-түні көпір тағандарын орнатумен айналысуда. Дәл қазіргі уақытта 167 адам еңбек етіп жатқан нысандағы жұмысшылардың басым көпшілігі жергілікті тұрғындардан құралған. Екі бетон зауыты мен барлық техникалары кідіріссіз жұмыс істеп тұрған мекемеде жұмысшылар үшін барлық жайлы жағдай да жасалған. Атап айтсақ, осы нысан үшін салынған екі жатақханада 172 орын жабдықталған. Сондай-ақ бір уақытта жүз адам кіріп тамақтана алатын асхана да салынған.

Ел аумағындағы осындай ірі көпір құрылысына қатысып жатқаныма ризамын. Кейін ұрпағымызға Шығыс Қазақстандағы осындай көпірдің салынуына қолғабыс еткенбіз деп мақтанып айта аламыз. Жалпы, өз басым – Шымкенттің тумасымын. Шығыста осындай нысандарды салып жатқаным бүгін ғана емес. Бұған дейін Қалбатаудағы жол айырығын салуға, Өскемендегі Ертіс өзенінен өтетін көпір құрылысына қатысқанмын, – дейді Бахтияр Айжанов.

Мамандардың айтуынша, алдағы екі жыл бойы жүргізілетін құрылыс аяқталған соң техникалық көпірді демонтаждау жұмыстарының өзі бір жылға дейін созылатын көрінеді. Дегенмен бұл жұмыстарды жүргізу негізгі көпірдегі автокөлік қозғалысына кедергі келтірмейді.

Қазіргі уақытта қос жағалаудан бір-біріне қарама-қарсы салынып жатқан техникалық көпірдің арасын қыс мезгілінде жалғап, мұз еріген кезде қайтадан алып отырамыз ба деген жоспарымыз бар. Өйткені су көліктерінің жүріп-тұруына кедергі келтіреміз, – деп қосты Юрий Чанов.

Осылайша, еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы ойдағыдай аяқталса, жақын жылдары бұл нысан бір емес, бірнеше ауданның тыныс-тіршілігін жақсартып, жағдайын оңалтпақ. Логистикалық қарым-қатынас жолға қойылса, осыған дейін аралда қалған адамның тіршілігін кешкен күршімдіктер мен марқакөлдіктер тауар айналымын еселеп арттырып, туризмді қарқынды дамытуды жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы