Шығыстағы диқандар дала жұмыстарына кірісіп кетті

27 Сәуір 2023, 14:50
1322
Бөлісу:
Шығыстағы диқандар дала жұмыстарына кірісіп кетті
Фото: Тілеубек ШАЯХАМЕТ

Шығыс Қазақстанда көктемгі дала жұмыстары әдеттегі уақытынан кешікпей басталды деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Өңір диқандары ерте көктемде ылғал жауып, енді, міне егіс науқанын бастап отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, Шығыс Қазақстанда көктемгі егіс 10 сәуірде Зайсан, Ұлан және Шемонаиха аудандарында басталған. Басқа аудандарда бұл жұмыс күн райына байланысты сәуірдің үшінші онкүндігіне белгіленген. Жалпы, биылғы сәуірде 22,6 мың гектар жерге ылғал жабу жүргізілген, оның ішінде Зайсан ауданында 3 мың, Ұланда 15 мың, ал Шемонаихада 4,6 мың гектар алқап қамтылған.

«Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» серіктестігінің дақыл егу мерзімі туралы ұсынысына сәйкес егу науқаны сәуірдің соңы мен мамырдың басына белгіленді. Өңір шаруаларының көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге толық дайын, жанармай жеткілікті, техникалары сайланған, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағындықов.

Кейінгі жылдары аймақтағы шаруашылықтар техника жаңартуды мықтап қолға алған. Өңір шаруалары жаңа техниканы қорықпай сатып алуда. Яғни, шаруашылықтардың техниканы лизингке алуы жиіледі, әсіресе Глубокое, Шемонаиха аудандарында бұл көрсеткіш еселеп өскен.

Айта кетерлігі, соңғы жиырма жылда шығысқазақстандық шаруаларға 68 миллиард теңгенің техникалары табысталған. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында қазір егістік жұмыстарына шығатын техникалардың әзірлігі жоғары. Биыл көктемгі егіс науқанына 16 082 трактор, 9 446 егіс және топырақ өңдеу техникасы жұмылдырылады.

Егін алқаптары 10 мың гектарға ұлғаяды

Биыл облыс аумағында 75,6 мың гектар алқап жыртылмақ. Тұқым толтыру көлемі 75,3 мың тонна болса, оның ішінде 60 мың тоннасы – дәнді дақыл, 2,5 мың тоннасы – майлы дақыл, 0,8 мың тоннасы – мал азығы, 12 мың тоннасы – картоп.

Өсімдік шаруашылығында еңбек етіп жатқан үш жарым мыңнан астам шаруашылық егіс көлемін 653,1 мың гектарға жеткізіп, көрсеткішті өткен жылмен салыстырғанда 10,7 мың гектарға арттырмақ.

Болжам бойынша мал азықтық дақылдар алқабы 135,6 мың гектарға жеткізілмек. Өстіп, биыл 850 мың тонна пішен, 80 мың тонна пішендеме, 190 мың тонна сүрлем, 140 мың тонна құрама жем дайындау жоспарланған.

Облыста негізінен бидай, арпа және күнбағыс өсіріледі. Биыл дақылдардың жаңа түрін егу қарастырылмаған. Шығыс Қазақстанда 11 тұқым өндіруші кәсіпорын бар. Оның ішінде Глубокое ауданында «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы», «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылықтары», «Майлы тұқымдар», «Милейко», «Быструха-Астана» шаруашылықтары жұмыс істеп жатса, Ұлан ауданында «Багратион ВВГ», «Багратион», «Калантаевский», «Дружба», Шемонаихада «Камышенское», Алтайда «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылықтары плюс», «Санұр-Агро» шаруашылықтары кәсібін дөңгелетіп отыр, – дейді Рамиль Сағындықов.

Тыңайтқыш – өзіміздікі

Егін түсімі мол болуы үшін жердің тыңайтылуы маңызды. Осы себепті алқаптарды тыңайтуға және залалсыздандыруға арналған минералдар мен тыңайтқыштар жеткізу де – шаруаның басты мәселесі.

Десек те құзырлы басқарма бұл бағытта айтарлықтай проблеманың жоқ екенін алға тартады. Минералды тыңайтқыш бойынша өңір шаруалары «КосАгроКоммерс», «ҚазАзот», «КазФосфат» сияқты отандық өндірушілермен шарт жасасқан. Сонымен қатар Ресейден де тыңайтқыш тасымалданады. Шетелден әкелінетін тыңайтқыштарды жеткізуде де қазір ешқандай мәселе жоқ көрінеді.

Минералды тыңайтқыштарды бізге негізі аталған зауыттар жеткізеді. Тыңайтқыштармен, қорғаныс құралдарымен қамтуда түйткіл жоқ. Осы жылы 25,6 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алу жоспарланған болса, 17,5 мың тоннаға шарт жасалып, 13,1 мың тонна тиелді, – дейді Рамиль Сағындықов.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен «Өсімдік шаруашылығы өнімінің өнімділігін арттыруды және сапасын арттыруды субсидиялау» қағидасына сәйкес тыңайтқыштарды субсидиялауға 1,6 миллиард теңге қарастырылған.

Шаруалар арзандатылған дизель отынын алып жатыр

Басқарма басшысы көктемгі егіс науқанын өткізуде маңызды рөл атқаратын жанармайдың жеткізілуі жоспарға сай жүріп жатқанын атап өтті. Атап айтсақ, көктемгі егіс жұмыстарына Павлодар мұнай өңдеу зауытынан наурыз, сәуір айларына 20 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бұл облыс шаруаларының қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

Шығыс Қазақстанға көктемгі дала жұмыстарын толық орындау үшін Павлодар мұнай зауытынан наурыз және сәуір айларында литрі 222 теңгеден 20 мың тонна дизель отыны бөлінді. Көктемгі егіске бөлінген дизель отынының бағасы энергетика министрлігінің хаттамасына сәйкес айдың басында белгіленеді. Қазіргі дизель отыны бағасының өсуі арзандатылған дизель отынының бағасына әсер етпейді. Наурызға бөлінген 3 мың тонна дизель отыны төленіп, жөнелтілді. Сәуір айына 222 теңгемен жеті мың тонна бөлініп, оның 6,5 мың тоннасының қаражаты төленді, – дейді Рамиль Сағындықов.

Осылайша, шаруалар жанар-жағармаймен жүз пайыз қамтылғанын жеткізген басқарма басшысы көктемгі дала жұмыстарының ойдағыдай аяқталарына сенімді. Дегенмен шаруаның жайы күннің райына тәуелді. Өйткені егіс түсімінің тең жарымы топыраққа себілгеннен бастап күзгі орымға дейінгі дәннің күтіп-бапталуына байланысты болса, қалғаны ауа райына байланысты.

2023 жылы Шығыс Қазақстанда егілетін дақылдардың түрі мен көлемі

Дақыл түрі

Алқап ауданы (га)

Егілетін дақыл көлемі (тонна)

Бидай

189,011

39635

Дәнді жүгері

2,787

88

Арпа

59,730

11 848

Сұлы

8,246

1 661

Күздік қара бидай

3,300

822

Қарақұмық

14,269

1 149

Тары

2,410

40

Басқа дәнді дақылдар

5,223

1471

Күнбағыс

193,898

1439,7

Соя

1,380

153,6

Мақсары

3,210

53,4

Рапс

14,734

84,287

Зығыр

0,778

16

Қыша

0,228

0,34

Картоп

11,907

27175

Сүрлемдегі жүгері

5 769

186,28

Судан шөбі

7 421

184,636

Жемге арналған астық қоспасы

400

54

Эспарцет

2 128

63,61

Еркекшөп

532

6,096

Жоңышқа

3 512

37,03

Қылтықсыз арпабас

370

1,8505

Өзгелердің жаңалығы