Шығысқазақстандық кәсіпкерлер медиация заңнамасын жиі жүгінеді

16 Наурыз 2021, 11:43
1256
Бөлісу:
Шығысқазақстандық кәсіпкерлер медиация заңнамасын жиі жүгінеді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері медиация заңнамасына жүгініп, өзара келіспеушілікті оңтайлы шешкен шығысқазақстандық кәсіпкерлер 57 пайызды құрады.

Соңғы уақытта өңірде кәсіпкерлер арасындағы дау-жанжалдарды сотқа жүгінбей, келісімге келу арқылы шешу қолға алынды. Атап айтсақ, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты арасында жасалған меморандумға сәйкес, 2020 жылдың маусым айынан бастап облыста «Келісім кабинеті» өз жұмысын бастаған болатын. Статистикалық деректерге сенсек, сотқа келіп түсетін талап-арыздардың басым бөлігі шаруашылық субъектілерінің екі арадағы келісім-шарттық міндеттемелерді орындамауымен байланысты болған.

Келіспеушілікті бейбіт жолмен шешу көп жағдайда уақытты үнемдеп, жүйке жүйесін тоздырмайтыны белгілі. Сондай-ақ, тараптар бір-бірімен келісіп, қандайда бір шешімге келеді, Нәтижесінде басы артық шығындардан құтылып, көп құжат жинау ісінен арылады. Былтырғы жылдың маусым айынан бергі уақыт аралығында «Келісім кабинетіне» 70 кәсіпкер жүгініп, оның жалпы сомасы 40 млн. теңгені құрайтын 35-і келісімге келген.

Кәсіпкерлеріміз қаншама қаражаты мен уақытын үнемдеді. Кейбір келіспеушіліктер тіптен сотқа жүгінуді де қажет етпейді. Бар болғаны бір тарап негізді себептермен келісім-шарттың бір бөлігін орындай алмай жатады. Біз кәсіпкерлерге көмектесіп, келіспеушіліктерін шешіп береміз, - дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Әлия Мұқашева.

Биылғы жылдың басынан бергі уақыт аралығында осындай келісімдер бойынша Шығыс Қазақстан облысы республикада бірінші орынға шықты. Яғни, медиация заңнамасына сенім білдірген кәіпкерлердің үлесі жалпы аяқталған істердің ішінде 57 пайызды құрады. Екінші орынға 47 пайызбен Қызылорда облысы шықса, Қостанай облысы 39 пайызбен үшінші орынға табан тіреген. 


Өзгелердің жаңалығы