Шығысқазақстандық кәсіпкер жобасымен өңір экологиясын жақсартпақ

5 Сәуір 2021, 10:06
2339
Бөлісу:
Шығысқазақстандық кәсіпкер жобасымен өңір экологиясын жақсартпақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ісін жаңадан бастаған шығысқазақстандық кәсіпкер өңір экологиясын жақсартуға бағытталған бизнес-жобасын «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасының көмегімен жүзеге асырмақ.

Кәсібін жаңадан бастаған шығысқазақстандық Айдын Марат экологиялық бағыттағы кәсіп түрімен айналысуды жөн көрген жандардың бірі. Ол бастапқыда экопакет таратып, кейін пластик шишаларды қайта өңдейтін шағын зауыт ашуды ойластырып отыр. 

Бүгінгі таңда пластик қоқыстардың адамзат өміріне ерекше қауіп төндіре бастағаны белгілі. Статистикаға жүгінсек, қазіргі уақытта пластик қалдықтардың тек 5-10 пайызы ғана қайта өңделіп, 12 пайызы өртеледі, ал қалған 79 пайызы қоқыс полигондарын толтыруда. Мұндай қоқыс түрі дамыған елдерде 8-ден 90 пайызға дейін қайта өңдеуден өткізілсе, бізде бұл көрсеткіш тек 3 пайызды ғана құрайды. «JasylArystan» экоқорының есептеуінше, еліміздің әр тұрғыны жылына 42 келі пластик қалдықтарын лақтырады екен. Қазақстанда ресми түрде тіркеліп, жұмыс істейтін 15 қайта өңдеу зауыты бүгінгі күні ел бойынша шығарылатын қалдықтың тек 11 пайызын ғана өңдеуге қауқарлы.

Осы ретте әлемде болған экологиялық апатпен заманауи бизнестің қалай күресіп жатқаны туралы металлургиялық өндірістің технолог маманы әрі ісін жаңадан бастаған кәсіпкер, «Bosscompany» ЖШС-нің бас директоры Айдын Марат айтып берді. 

- Экологиялық бағыттағы бизнесті ашуға сізді не итермеледі? 

- 2008 жылы мен «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша оқу курсынан өткен болатынмын. Содан бері кәсіпкерлік бағытында жұмыс істеп келемін. Өткен жылы Президентіміз өз Жолдауында ел экологиясын жақсарту жайына ерекше көңіл бөлген еді. Міне, сол кезден бастап, осы бағытта жұмыс істеуді ұйғардым. Ғаламтордан осы саладағы бірнеше нұсқаларды қарастырып жүргенде, халыққа тегін таратылатын экопакеттер жасау туралы ұсыныс келіп түсті. 2021 жылдың қаңтар айында біз 2015 жылдан бері Қазақстанның, ТМД мен жақын шетелдердің 20 қаласында жұмыс істеп келе жатқан «Home Info» компаниясынан Өскемен және Семей қалалары бойынша франшизасын сатып алдық. Команияның өзі Алматы қаласында орналасқан. Алайда, арақашықтық бізге қиыншылық тудырған жоқ. Франшиза бойынша қажетті оқыту тренингтерінен онлайн форматта өттік. 

- Бизнесті биыл ашқан болдыңыз ғой? 

- Иә, бұл бағытта облыстық Кәсіпкерлер палатасынан үлкен қолдау таптық. Кәсіпорын ашу оңай шаруа емес. Оның үстіне қазір карантин, қайда келсең де есік жабық. Мен бірден Кәсіпкерлер палатасына қоңырау шалдым. Олар мені қолдап, бизнес нысанды ашуға қажетті барлық құжаттарды жолдады. 

- Қазіргі уақытта қандай іспен айналысып жатырсыз? 

- Пакеттерді дайындайтын құрылғы Алматыда орналасқандықтан, олар орталықтандырылған қалыпта дайындалуда. Қазіргі уақытта біз экопакеттерге жарнамалар орналастыру үшін жергілікті жердегі супермаркеттермен және сауда орталықтарымен келіссөздер жүргізудеміз. 2025 жылдан бастап Қазақстанда полиэтилен пакеттерін өндіру тоқтатылады. Олар дүкендерде тегін таратылмайды, нан целлофан қаптамаларға қапталмайды. Бірақ, экопакеттерді сауда нүктелерінде тегін тарату үшін, кәсіпкерлерді олардың сыртына өз жарнамаларын беруге көндіруіміз керек. Егер 10 мың пакет жасасақ, оның сыртындағы жарнаманы 50 мың адам көреді. 

- Екінші жобаңыз бар екен, ол немен байланысты? 

- Екінші жоба әлдеқайда ірі. Бұл жобамен қаланы қоқыстан тазарту арқылы мемлекетке көмек жасамақпыз. Ол үші Өскеменде пластик шишаларды, целлофанды, полиэтилен мен полипропиленді өңдейтін цех орнатпақпыз. Жоба ашық, оның технологияларын Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Жапония, АҚШ, Ресей елдері баяғыда-ақ тәжірибеден өткізіп қойған. Бізге дайын технологияны қолдану ғана қалды. Оған қажетті құрылғыларды Италиядан, Германия мен Ресейден қарастырып қойдық. Әлем бойынша мұндай цехты ашу шамамен 130 млн теңгенің көлемін құраса, біз Ресейден 4 есе арзан, яғни 30 млн теңгеге дайын күйінде берілетін арзан жобаны таптық. Мұндай жоба 8 айда өзін-өзі толығымен ақтап, 105 пайыздық нәтиже көрсетеді. Айтыңызшы, қандай жоба осындай көрсеткішімен мақтана алады? 

- Мұндай құрылғыны сатып алу үшін қаражатты қай көздерден алуды ойластырып отырсыздар? 

- «Даму» қоры менің жобамды бірден қолдады. Өйткені мұндай инновациялық жоба бізде әлі жоқ. Сол себепті, біз «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасының бар мүмкіндігін пайдалануды көздеп отырмыз. Алдағы бір ай көлемінде банк несие алуға қатысты барлық құжаттарды қарастырып болған соң, біз қажетті құрылғыларды сатып алуға кірісеміз. Өндірушілермен келісіп те қойғанбыз. Оның үстіне қала әкімінің орынбасарына бизнесімізге жан-жақты қолдау көрсетуге көмектесуін сұрап қат жазып та қойғанбыз. 

- Шағын зауыт жылына қанша қалдықты өңдеуге қауқарлы? 

- Біз жылына 100 мың тонна қалдықты өңдей аламыз. Бұл әрине аз. Алайда, бұл бірінші кезекте қойылатын цехтың өңдеу көлемі ғана. Кейіндеп пластик қабылдайтын шағын пункттерді аудандарға қоймақпыз. Халық көп жиналатын жерлерге пластик қалдықтар тасталатын эко-контейнерлер орнатамыз. Кәсіпорындар мен халықтан пластик шишаларды сатып аламыз. Осылайша, өңірде қалдықтарды өңдейтін шағын зауыттар санын көбейтеміз. Қазіргі уақытта Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ-да пластикті қайта өңдеу технологиясы бағытында дәрістер оқып, студенттерді жақын жылдар ішінде аталмыш саланың басымдылыққа ие болатыны жайында ақпараттандырамын. Осы технологияларға адамдарды үйретіп, мүмкіндік болса инвесторлар тартамын. Есеп-қисабын өзіміз-ақ мойнымызға алар едік, кәсіпкер тек қайта өңдеумен айналысса болғаны. Бұл өз кезегінде франшизаның бір түрі болмақ. 

- Пластик қалдықтардан тротуарға төселетін тақта жасамақшы екенсіздер, оның сапасы қандай болады? 

- Бұл өлшемі 30 да 30, ал қалыңдығы 3,2 сантиметрлік полимерқұмды тақта болады. Кез-келген ауа райына шыдамды тақтаның бір шаршы метрі 500 теңгені құрайды, яғни кафель тақтадан әлдеқайда арзан. 70 градустық аязға да, 70 градустық аптап ыстыққа да төтеп беретін бұл тақтаға 50 жыл кепілдік береміз. 

- Құрылғыларды қашан әкеліп, өндірісті қай кезде бастамақсыздар? 

- Маусым айында бірінші кезегін шығармақпыз. Егер бұл уақытта шығарып үлгермесек, барлық тендерлер мен конкурстық процедуралар аяқталып, біз шығынға батуымыз мүмкін. 

- Бұл құрылғы қандай болады? 

- Өлшемі екі метрді құрайтын балқыту-қыздыру агрегатының бірінші камерасында пластик 50 грдустық температурада қыздырылса, 250 градустық екінші камерада балқытылады. Осы жерде пластик құммен араластырылып, қоймалжың затқа айналады. Сонан соң дайын болған 100 тоннаға жуық шикізатты гидравликалық пресске жіберіп, 60 секундтан соң дайын өнім аламыз. 

- Цех орналастырылатын жерді анықтадыңыз ба? 

- Цех Өскемен қаласының Ахмер ауылында орналастырылады. Ол үшін менің бизнес-серіктесімнің әкесі өзінің көлікжайын берді. 

- Бизнес-серіктесіңіз кім? 

- Ол досым әрі інім, осыған дейін шекарашы болып қызмет істеген Мирхат Балықов. Отан алдындағы борышын аяқтап, зейнетке шыққан соң кәсіпкерлікпен айналысуға бел буған азаматтардың бірі. Компаниямыздың директоры болып келетін ол есеп-қисапты жүргізіп, әкімшілік жұмыстармен айналысуды өз мойнына алған. Мен өз тарапымнан қаражат іздеп, бас жоспарымыздың барлық бағытта жұмыс істеуіне күш саламын. 

- Өз өндірісіңізде қанша жұмыс орнын құруды көздеп отырсыз? 

- Жазға қарай цехқа төрт адамды қабылдап, 5-6 жүргізуші қала бойынша пластик қалдықтарды жинайтын болады. Ары қарай барлығы жақсы болса, еліміз бойынша осындай іспен 10 мың адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. 

- Сұхбатыңызға рахмет.

Өзгелердің жаңалығы