Шығыс жұрты шошқа фермасының салынуына наразы

15 Тамыз 2022, 12:48
1756
Бөлісу:
Шығыс жұрты шошқа фермасының салынуына наразы

Шығыс Қазақстан – ауыл шаруашылығы дамыған өңір, мұнда өсімдік және мал шаруашылығы өркен жайған, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Десек те, облыстың аграрлық әлеуеті әлі де мол. Шаруашылықтарды өрістетудің жолдары көп. Соның бірі – шошқа өсіріп, етін өңдеу.

Инвесторлар Ұлан ауданындағы Борсақ ауылы маңында доңыз фермасын салуды көздеп отыр. Бірақ, жергілікті халық бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсы шығып отыр.

Өскеменнің іргесіндегі аталған ауданда шошқа өсірумен шұғылданатын тұтастай бір кешеннің құрылысы жоспарланған. Жергілікті басшылар, аудан әкімдігінің мамандары осы жобаға қатысты Айыртау ауылдық округіне бірнеше мәрте барып, халықпен жиындар өткізген. Ферманың ауылға, тұрғындарға тигізер пайдасын түсіндірген. Дей тұрғанмен, жұрттың басым бөлігі ауылдарының маңында доңыздың өсірілуіне қарсы шығып отыр.   

Әлбетте, жергілікті халықтың алаңдауы де негізсіз емес. 400 мың шошқа өсірілетін мұндай ферманың жағымсыз иіс шығарып, жерасты суларын ластауы әбден мүмкін.

Ферма салынса, ол осы жерді, суды ластайды ғой. Шошқаның қиы қайда кетпек? Қаншама тонна қи шығатын болады бұл қоралардан. Оның сасық иісі айналаға таралады, – дейді жергілікті тұрғын Марат Каметжанов. 

Атап өтерлігі, ферма салынатын 80 гектар жер телімі бұған дейін Мырзахан Сүлейменовтің шаруа қожалығына тиесілі болған-ды. Оны жергілікті атқарушы орган шошқа фермасына қажет деп қайтарып алған. 

Аудан әкімі өзіне шақыртып алып, жердің шошқа фермасы үшін керек екенін айтты. Жер өзіме де керек, шөбін шауып алып отырмын, бермеймін дедім. Бірақ, ештеңеге қарамай, жерімді ресми түрде алып алды, – дейді қожалық басшысы. 

Жергілікті билік ферманың қоршаған ортаға еш зиянын тигізбейтінін айтып сендіруде. Сонымен қатар, аудан тұрғындары жұмыспен қамтылып, кешеннен бюджетке салық түсетінін де алға тартып отыр. 

Ұлан ауданының әкімі Ринат Құрмамбаевтың айтуынша, қазір жобалық құжаттар дайындалып жатыр. Ферма экологиялық тұрғыдан зиянсыз болмақ. Яғни, үрейленудің еш қажет жоқ.

Ал, инвесторлардың сөзіне құлақ ассақ, олар мұндай кешеннің баламасы еліміз түгіл, бүкіл Орталық Азияда жоқ екен. Ферма толық жабық болады, ал шошқаның қиы кешен ішінде өңделіп, одан тыңайтқыш жасалады. Мұнымен қоса, бұл жерде 2 мыңдай адам еңбек етпек. 

Ферма ауылдан бес шақырымдай жерде салынады. Айналасы толық қоршалады. Сонымен қатар қаншама адамға жұмыс береміз, аудан қазынасына жылына кем дегенде 20 миллион теңгенің салығым төлейтін боламыз, – дейді жобаның жетекшісі А. Чистюхин.

Әзірге, бұл уәждердің ешқайсысына ауыл халқы иланбай тұр. Олар қоғамдық тыңдау барысында да шошқа фермасының құрылысына қарсы екендіктерін білдірді. 

Өзгелердің жаңалығы