«Азия жаңғырығы». Шымкенттің «Тұран» командасы алтын медаль алды

«Азия жаңғырығы». Шымкенттің «Тұран» командасы алтын медаль алды
444

«Азия жаңғырығы» XIII халықаралық цирк өнері фестивалінде Шымкент қаласындағы «Шымкент Цирк» мемлекеттік циркінің «Тұран» командасы алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Шымкенттегі BAQ. KZ тілшісі. 

10-14 тамыз аралығында «Астаналық Цирк» мекемесінде өткен фестивальге әлемнің 12 елі мен Қазақстанның үш қаласындағы цирк мекемелерінің өнерпаздары қатысты. Шымкенттік цирк командасы халықаралық фестивалде жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы үшеуін үйлестіріп, ұлттық спортты дәріптейтін өнер көрсетіпті. 

«Азия жаңғырығы» халықаралық фестиваліне «Шымкент Цирк» ұжымының «Тұран» тобы қатысты. Командада 9 адам, яғни 2 қыз бен 7 жігіт бар. Олар атқа мініп, шауып, қыран мен тазыны қатыстыра өнер көрсетті. Мұндай мәртебелі халықаралық фестивальде алтын медаль алу дегеніміз — елеулі жаңалық. Әртістер үшін де үлкен стимул. Әсіресе, халықаралық фестиваль болған соң әлемнің мықты цирк ұжымдарының басшылары келіп, бағалады. Олардың алғысын есту, шақыртуын алу — үлкен мәртебе, — дейді «Шымкент — цирк» МКҚК көркемдік жетекшісі Сұлтан Сраилов.

Оның айтуынша, цирк жұмысы әсте тоқтамай, әртістер үнемі шеберлігін шыңдап, дайындалады.

Цирк өнері дегеніміз — өте көп еңбекті, тынбас қажырлықты талап етеді. Қазір ұжымымыз жаңажылдық үлкен бағдарламаға дайындалып жатыр. Шымкент қаласында Жаңа жылға ауқымды мерекелік бағдарламамыз болады. Биыл Шымкент Циркі 11-ші цирк маусымын бастап жатыр. Мекемед 200-ге жуық адам жұмыс істейді. 18 оркестіріміз бар, — деді Сұлтан Сраилов. 

Айта кетейік, «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестиваліне 13 елден барлығы 90-ға жуық цирк әртісі қатысты. Италия, Израиль, Венгрия, Вьетнам, Франция, Моңғолия, Молдова, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанның Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларындағы цирк ұжымдарының әртістері өнерін паш етті. 

Олардың өнерін Фабио Монтико (Италия), Питер Фекете (Венгрия), Бахтиёр Рахматуллозода (Тәжікстан), Рустам Мажидов (Өзбекстан), Ерік Жолжақсынов (Қазақстан) және тағы басқа да есімі елге белгілі өнер адамдарынан құрылған қазылар алқасы бағалады.        

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы