Жыл басынан бері Шығыс Қазақстандағы 78 мектеп пен 2 мектепке дейінгі мекемеде мемлекеттік аттестаттация жүргізілді деп, хабарлайды Шығыс Қaзaқстaн oблысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Өкініштісі сол, солардың тек 16-сы, яғни 20 пайызы ғана аттестаттаудан сәтті өте алды. Қалған оқу орындарында көптеген олқылықтар анықталды.
Облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті балабақшаларды, мектептер мен колледждерді бес жылда бір мәрте мемлекеттік аттестациядан өткізіп тұрады. Сонымен қатар, аталған білім беру мекемелерін бақылайды, тұрғындардың шағымы негізінде тексереді, педагогтердің біліктілігі мен жетісіктеріне мониторинг жүргізеді. Таяуда осы департамент алғашқы жарты жылда атқарған жұмыстарының есебін берді.
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда 354 балабақша мен 433 шағын орталық, 650 мектеп, 78 колледж бар.
Біз білім берумен айналысуға рұқсатнама береміз. Жыл басынан бері лицензия алуға 60 өтініш түсті. Оның тек 16-сына ғана рұқсат берілді. Оған негізгі себеп – ұйымдардың материалдық-техникалық базасының талапқа сай келмеуі, – дейді департамент басшысы Зейнеп Мақсұтова.
Алғашқы жартыжылдықта 78 орта мектепте, 2 мектепке дейінгі мекемеде мемлекеттік аттестаттация жүргізіліп, солардың 16-сы ғана аттестаттаудан сәтті өте алды. Қалғандарында бірқатар олқылықтар анықталды.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жоспарға сай келмейді, дамытушылық орта құрылмаған. Маман педагогтердің үлесі аз. Ерекше балаларға арналған оқу бағдарламалары әзірленбеген. Бүлдіршіндердің дамуына мониторинг жүргізілмеген. Балалар бақшасындағы топтарда жас ерекшелігі сақталмаған, – деді кемшіліктерге тоқталған департамент басшысы.
Түйіндеп айтсақ, оқу орындарында барлығы 344 заң бұзу дерегі анықталған. Айталық, 11 мектепте тәрбие жұмысы жүргізілмеген, 9 мектепте ерекше балалар үшін оқу үрдісі ұйымдастырылмаған, 26 мектепте электронды күнделік толтырылмаған, 51 мектепте біліктілік талаптары бұзылған, 8 мектепте асхана жоқ, 28 мектепте тиісті білімі бар педагогтер жоқ, 3 мектепте медициналық рұқсатнама жоқ.
Сонымен қатар, тексерістер білім алушылардың дайындық деңгейі төмен екенін көрсетті. Яғни, 11 мектептің оқушылары мемлекеттік стандарт талабына сай білімдерін растай алмады.
Жыл басынан департаментке азаматтардан 103, заңды тұлғалардан 7 арыз түсіпті. Сегіз арыз бойынша тексеру жүргізіліп, 9 адам әкімшілік жауапқа тартылды, оларға 10-нан 80 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынды.
Барлық анықталған кемшіліктерді түзету бойынша білім бөлімдері мен оқу орындарының басшылықтарына тапсырмалар берілді. Олқылықтар алдағы уақытта жойылуы тиіс.