Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Дархан Бақытжанұлы Сапанов облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы ШҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа тағайындауға дейін Сапанов 2023 жылдың ақпан айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Енді ол мемлекеттік басқару, өнеркәсіпті дамыту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық саясатын іске асыру мәселелері бойынша жұмысты үйлестіретін болады.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Дархан Сапановтың өмірбаяны
Дархан Бақытжанұлы Сапанов 1985 жылы 2 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген.
Жоғары білімді, бірнеше оқу орнында оқыған. 2007 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «Өнеркәсіптік жылу энергетикасы» мамандығы бойынша инженер біліктілігімен тәмамдаған.
2009 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.
2022 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында «Іскерлік әкімшілендіру докторы» (DBA) бағдарламасын аяқтаған.
Мемлекеттік органдардағы жұмыс тәжірибесі
Еңбек жолын 2007 жылы бастаған. Әр жылдары Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы департаментінің инспекциялау бөлімінің бас маманы, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-нің халықпен жұмыс істеу департаментінің инженері, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Электр энергетикасы және көмір өнеркәсібін дамыту департаментінің сарапшысы қызметтерін атқарған.
2009-2020 жылдары ҚР Премьер-министрі кеңсесінде әртүрлі лауазымдарда еңбек етті. Атап айтқанда, бас сарапшы, бас консультант, сектор меңгерушісі, бас инспектор және Индустриялық-инновациялық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2020-2023 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болды.
2023 жылғы ақпан айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы еңбегі үшін 2018 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған.
Бұл лауазымды бұған дейін кім атқарды?
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын Жақсылық Омар атқарған болатын.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынғы шенеуніктің ұсталғаны туралы хабарлаған еді. Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың соңында ҰҚК-нің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне бағынысты ұйымдардың қызметкерлерінен және басқа да тұлғалардан ақша бопсалау ықтималдығы туралы ақпарат түскен.
Тергеу болжамы бойынша, Жақсылық Омар сыйақы үшін мансаптық өсуге көмектесуге уәде берген, ал талаптарды орындаудан бас тартқандарды жұмыстан шығарумен немесе лауазымын төмендетумен қорқытуы мүмкін болған.
2026 жылғы 4 ақпанда құқық қорғау органдары жоспарланған заңсыз әрекетті құжаттау бойынша арнайы операция жүргізді. Осыдан кейін бұрынғы шенеуніктің Өскемендегі үйінде тінтіу жүргізіліп, нәтижесінде ақшалай қаражат тәркіленді.
ҰҚК хабарлағандай, адвокаттың қатысуымен өткен алғашқы жауап алу кезінде Жақсылық Омар өз кінәсін мойындады. Сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі – «Лауазымды тұлға жасаған алаяқтық» бойынша Соңғы сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің біраңғай тізіліміне енгізілген қосымша эпизод анықталды.
Содан кейін ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар 6 жылға түрмеге қамалды.