Шығыс Қазақстанда ағаш өңдейтін орталық ашу жоспарлануда

20 Маусым 2021, 12:43
3030
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанда ағаш өңдейтін орталық ашу жоспарлануда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы алаңында шымкенттік «MegaSMART» ЖШС-нің Шығыс Қазақстанда ДСП зауытын салу және қазақстандық жиһаз холдингін құру инвестициялық жобасын таныстыру барысында белгілі болды.

Өңірдегі мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің басын қосқан шара барысында «MegaSMART» ЖШС-нің бас директоры Сергей Хегай жобаны іске асыру жоспары туралы айтып берді.

«MegaSMART» ЖШС-нің бірнеше жиһаз цехы мен МДФ панельдерді шығаратын зауыты бар. Мұнымен оның өз цехтарының қажеттіліктерін жауып, дайын өнімдерді жақын және алыс шетелдерге шығаруға мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні кәсіпорын ДСП-панельдерге деген қажеттілікті шеттен импортталған өніммен жауып отыр. Осы себепті, өзінің және ел аумағындағы нарықтың қажеттілігін жабу мақсатында аталмыш жобаны құрып, іске асыруға инвестиция құюға әзір, - дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.

Болашақта қазақстандық жиһаз өндірісінің жүрегіне айналатын холдинг құру жоспарымен бөліскен Сергей Хегай, мұндай міндетті ел Үкіметі мен Индустриялық-инновациялық даму министрлігінің қойып отырғанын атап өтті. Аталмыш жобада мемлекеттің қатысу үлесі 49 пайызды құрамақ. Сондай-ақ 31 пайыз қаражат лизингке бағытталса, қазақстандық инвестордың жекеменшік қаражаты 20 пайыз төңірегінде болмақ.

Жалпы бұл жолғы кездесудің басты мақсаты - жергілікті компаниялармен танысу және Шығыс Қазақстан облысындағы ағаш дайындау көлемін, ағаш түрлерін, жер телімдерін алудағы мемлекеттік қолдауды анықтау болды.

Біз мұнда 200 адамды жұмыспен қамтитын зауыт салуға 72 млрд теңге инвестиция құюды ұсынып отырмыз. Ең бастысы Siempelkamp, Dieffenbacher сынды неміс технологиясы орнатылады. Ресейде барлық дерлік зауыт осындай технологиялармен жабдықталған. Зауыт тәулік бойы жұмысын тоқтатпайтын болады. Сол себепті оның ағаш дайындайтын кәсіпорындармен тығыз байланыста болуы қажет. Біз облыстың статистикасына қарап, мұнда дайындауға рұқсат етілген ағаш көлемінің 980 мың текше құрайтынын және оның 65 мың текше метрінің, яғни 10 пайызынан аз мөлшерінің ғана дайындалатынын білдік. Оның үстіне ағаш дайындау қолмен жүргізіліп, бір адам айына орташа көлемде 100 текше метр ағаш дайындайтын көрінеді. Біз ағашты автоматты түрде кесіп, бұталап, керекті ұзындықта бөлшектейтін еуропалық технологияны қолдануды ұсынамыз. Бұл машиналар ағашты орманнан шығарып, әрі қарай тиеп әкетуге дайындайды, - деді Сергей Хегай.

Сыртқы нарықтағы бәсекелестікті толыққанды ұстап тұру үшін ДСП зауытының қуаты жылына 300 мың текше метрді құрайтын болады.

Зауытты толық қамтамасыз ету үшін кем дегенде 480 мың текше метр ағаш қажет. Мұндай көлемді қолмен дайындау мүмкін емес. Өнімнің үштен бірі қазақстандық нарыққа бағытталса, 70 пайызы экспортталады. Сонымен қатар біздің компаниялар «Mega SMART» кәсіпорнының Өзбектандағы, Қырғызстандағы, Тәжікстандағы диллерлік нүктелері арқылы кепілдендірілген сатып алуларды қамтамасыз етеді.


Өзгелердің жаңалығы