Шығыс Қазақстан жастары діни экстремизмнің алдын алуда

10 Ақпан 2021, 12:10
1613
Бөлісу:
Шығыс Қазақстан жастары діни экстремизмнің алдын алуда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр Глубокое ауданының жастары терроризм мен діни экстремизмге қарсы шаралармен кең ауқымда қамтылды.

Діни экстремизмге берілудің алғышарттарына отбасылық, тұрмыстық жағдай, кейбір нәрселерді жете түсінбеушілік пен жастық максимализм себеп болып жатады. Түрлі діни ағымдардың жетегіне тез ұшырайтын халық санатына жастар жатады. Осыған байланысты діни радикализмнің алдын алуға бағытталған шараларды аудандағы жастар мен мектеп оқушылары арасында жиі өткізуді дәстүрге айналдырдық, – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Ордаханова.

Оның айтуынша, өткен жылы осы мәселеге байланысты аудан орталығындағы жастар арасында бір рет әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, жергілікті ішкі саясат бөлімінің мамандарымен қорытынды шығарылған. Сонымен қатар, жастардың, дін өкілдерінің, теолог ғалымдардың және әкімшілік қызметкерлерінің басын қосқан семинар өткізіліп, ай сайын халық арасында «Сақ бол – секта!», «Деструктивті секталардың сипат белгілері» атты ақпараттық парақшалар тарату қолға алынған.

Бұдан бөлек, аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары жастарды жұмыспен қамту, еріктілер қатарына тарту, олардың демалыс уақыттарын тиімді ұйымдастыру және қайырымдылық істеріне тарту сияқты жұмыстарды қоса жүргізуді қолға алған.

 

Өзгелердің жаңалығы