Шығысқазақстандық шаруалар қуаңшылықтан қорғану жолдарын қарастырды

6 Маусым 2020, 11:06
2246
Бөлісу:
Шығысқазақстандық шаруалар қуаңшылықтан қорғану жолдарын қарастырды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы жаз өңір шаруаларына қандай тосынсый әзірлеуде? Жаздың жайлы немесе жайсыз болатынын синоптик те, бақсы да болжап білмейтіні белгілі. Сол себепті шаруаның өз мүмкіндігіне сенуден басқа амалы жоқ. 

Осы ретте өңірлік кәсіпкерлер палатасы егісті болуы мүмкін қуаңшылықтан сақтандыру мүмкіндігін  қарастырмақ ниетте.
Биылғы жылдың шығысқазақстандық ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін оңай басталмағаны белгілі. Өйткені, көктемгі егістік жұмыстарын төтенше жағдайда жүргізуге тура келді. 

Оның үстіне Павлодар мұнай зауытының кезекті жөндеу жұмыстарына жабылуы жанар-жағармай бағасының өсуіне алып келуі мүмкін еді. Дегенмен, бұл мәселе кәсіпкерлер палатасының арқасында шешімін тапты. Ауыл шаруашылығы және энергетика министрліктеріне жасалған өтініштер, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының төрағасымен жүргізілген ұтымды келіссөздер нәтижесін беріп, ел Президентінің тапсырмасына орай Шығыстың ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер Павлодардан жеңілдетілген бағада жанармай алуға қол жеткізді. Осылайша, қызығы мен шыжығы мол күндер артта қалып, шаруалар егістігін екті. Көңіл орнықты ма деген мезетте қуаңшылық басталды. Енді егістікті құрғақшылықтан сақтау шаруаның кезекті бас ауруына айналды. Гирометеорологиялық қызметтің егіс алқаптарын қуаңшылықтан қорғауға қауқары болмаса да, сақтандыру компанияларының бұған мүмкіндігі зор. Жалпы, елімізде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін топырақ қабатының дымқылдығын үш фазалы индексті сақтандыру көзделген.   қазіргі уақытта Қазақстанда ауылшаруашылығы кешенін сақтандырудың жаңа жолдары қарастырылған. Біріншіден, ол міндетті емес ерікті түрде сақтандыруға айналса, екіншіден, сақтандыруға дақыл емес, оның өсуіне жағдай жасайтын топырақтың ылғалдылығы сақтандырылады. Сонымен қатар, мемлекет сақтандыру үшін төленген қаражатының 50 пайызын субсидиялайды. Сондай-ақ субсидия қаражатын рәсімдеуге кететін уақыт та қысқарды. Атап айтсақ, шаруаға комиссия қарауына айғақтайтын деректерді ұсынудың қажеті жоқ, өйткені, барлық үрдіс автоматтандырылғандықтан бағдарлама жер серігінен түсірілген суреттер арқылы сақтандыру көрсеткіштерін өзі анықтайды. 

Мысалы шаруа егіс алқабында мәселе шыққанын байқамауы да мүмкін. Оны егіс алқаптарының бір бөлігінде ылғалдың азайып кеткені туралы бағдарламаның өзі ақпараттандырады. Оның үстіне дақылдың бой көтеретін барлық үш фазасындағы жағдай әртүрлі. Сол себепті, қуаңшылық болған кезде бағдарлама топырақтағы ылғалдылықты бақыласа, дақылдардың шіріп кету мүмкіндігі зор жауын-шашыны көп күз маусымында ылғалдың шектен тыс мөлшерін анықтайды, - деп түсіндірді ШҚО кәсіпкерлер палатасының  АШК бөлімі меңгерушісі Асқар Жақұпбаев.

Бүгінде Шығыс Қазақстанда 3,5 мыңнан астам шаруа қожалығы өсімдік шаруашылығымен айналысады. Сақтандыру жағдайы туындаған кезде олардың барлығы сақтандыруға төлеген бастапқы қаржының 10 еселенген мөлшерінде төлемақы алады. Бұл жердегі басты талап - сақтандыруға жататын өнім дайындау және оны өкілетті органмен келісу. Уақыт болса өтіп барады, ал егіс дақылдарын сақтандырудың бірінші кезеңі 1 маусымда аяқталады. Бірақ жауынның әлі де жаутын түрі жоқ. Сақтандыру бойынша бекітілген келісім-шарт мерзімдерін бұзбау және өсімдік шаруашылығындағы сақтандырудың үстеме қаржысын субсидиялауды қолжетімді ету, сондай-ақ жұмыс орындарын сақтау арқылы әлеуметтік араздықты болдырмау мақсатында облыстық Кәсіпкерлер палатасы аталмыш үрдісті жеделдетіп, өтініш қабылдауды бастап кету жөніндегі ұсыныспен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне шықты. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының базасында өткен онлайн бейнеконференцияда облыстағы ауылшаруашылығы құрылымдары сақтандырудың жаңа механизмдерімен таныстырылды. Нәтижесінде 35 шаруа қожалығы жаңа қызмет түрін қолдануға тілек білдірді. Дегенмен, облыс мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100-ге жеткізу жоспарланған.

Егістікті сақтандыру шаруаның жауынсыз жаздағы, ылғалы көп күз маусымындағы бас ауруын азайтып, болашақтағы табысты сақтандырады, - деп қосты Асқар Жақұпбаев.
Өзгелердің жаңалығы