Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен тәулік ішінде Шығыс Қазақстан облысының 4 учаскесінде жалпы алаңы 103 га аумақтағы құрғақ шөп жанып кетті, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті.
Ең үлкен өрт Семей өңіріндегі Жиенәлі ауылдық округінде орын алды. Сары Биік учаскесінде 45 гектар аумаққа таралған жану болды. Семей қаласының Өрт сөндіру бөлімінің 7 қызметкері азулы жалынмен түні бойы арпалысып, таңғы сағат 8-де ауыздықтады.
Жоғарыда аталған ауылдық округтің Байғазы учаскесінде тағы бір ірі құрғақ шөптің жануы болды. Мұнда жергілікті атқару органдарынан және Семей қаласының № 2-МӨБ-нен 4 адам тартылды. 45 гектар аумақтағы жану сағат 5.43-те сөндірілді.
Күршімнің Юбелейный учаскесінде 10 гектар жердегі қурайларды жалын құшты. Мұнда 13 жергілікті тұрғын өртті сөндіруге көмектесті. Үйлесімді жұмыстарының арқасында өрт бір жарым сағат ішінде толығымен сөндіріліп, оның одан әрмен таралып кетуіне жол бермеді. Өрт сөндірушілер осылайша жалынның жолын кесті.
Тұрғындарға айта кеткіміз келеді, өрт қауіпсіздігі ережелерін ұстаныңыздар, өйткені толық сөндірілмеген темекі тұқылы не болмаса сіріңке, қоқыстың дұрыс жағылмауы дала мен орманның өртенуіне әкеледі. Қатты соққан жел жалынды ұзақ қашықтықтағы аумаққа әкетеді және ол үлкен материалдық шығынға әкелуі мүмкін. Егер сіз өртті байқасаңыз, дереу өрт сөндіру қызметіне 101 нөмірі арқылы қоңырау шалыңыз, - делінген ақпаратта.