Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскеменде Ғылым қызметкерлерінің күні аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының екі жылдығы қорытындыланып, ел аумағынан табылған тарихи жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды.
Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-да ұйымдастырылған «Ұлы дала алтыны» көрмесінде «Археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары бағдарламасы» бойынша Шығыс Қазақстанның Берел, Шілікті, Елеке Сазы қорғандарынан табылған мұражай қорының археологиялық жәдігерлері көпшілік назарына ұсынылды.
«Бүгінгі көрмеге қойылып отырған өңіріміздің Берел, Шілікті және Елеке Сазы қорғандарынан табылған құнды жәдігерлер. Жалпы Елеке сазынан табылған жәдігерлердің бір ерекшелігі оның сақтардың қола дәуірінен ерте темір дәуіріне өтуін көрсетуі. Біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтың соңы бақташылар мен металлургтардың заманы болды. Міне нақ осы жәдігерлер сол кезеңнің қалыптасуын көрсетеді. Біз осындай сәтті көп жылдар бойы күттік. Бұған дейін мұндай жәдігерлер Шіліктідегі, Бәйгетөбедегі, Майемердегі қорғандардан да табылған болатын», - деді белгілі археолог ғалым Зейнолла Самашев.
Танымал археологтың айтуынша, бұл ерте сақтардың Алтай, Тарбағатай өңірлерін мекендегенін дәлелдейтін бірден бір факт көрінеді. Сондай-ақ, бұл жәдігерлер арқылы осыған дейін алтын мен күмістің бетіне сірке түсіру әдісінің көпшілік ойлаған уақыттан әлдеқайда ертерек кезеңде қолданыла бастағаны анықталған.
«Елеке сазының құнды жәдігерлерінің мәдениет, көркемдік және жасалу технологиясы бөлек әңгіме. Алтын мен күмістің бетіне сірке салу әдісін біз осыған дейін кейін қалыптасқан мәдениет деп есептеп келгенбіз. Бірақ мына жәдігерлер арқылы оның біздің заманымызға дейінгі сегізінші ғасырда қалыптасып қойғанын анықтадық. Тағы бір қызық жайт - таған стилінің қалай қалыптасқанын біз әлі де анықтай алмай жүрміз. Елеке сазын қазу кезінде аталмыш стильдің қалай қалыптасқанын білеміз бе деген үміт болғаны рас. Алайда табылған жәдігерлердің барлығы таған стилі қалыптасып қойған кезеңге жатады», - деді Зейнолла Самашев.
Археология саласында бір құпияның басы ашылса, екіншісінің бой көрсететінін алға тартқан ғалым мұндай зерттеулер арқылы қазақ тарихының көмескі қалған тұстары анықталатынын айтады.
«Мемлекетіміздің имиджі үшін бұл зерттеулердің жүргізілуі өте маңызды. Сол себепті биыл алдағы мамыр айынан бастап Елеке Сазындағы қалған қорғандарды қазу жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Елеке Сазы ерекше жер. Дегенмен олардың көбісі ерте және біздің заманымызда тоналып кеткен. Осы себепті қазіргі уақытта мұндай жерлердегі ескерткіштерді қорғау, аспан астындағы мұражай-қорықтар ашу, өлкетану мұражайларын кеңейту сияқты қосымша мәселелер туындайтыны белгілі. Сондықтан біз өз тарапымыздан құнды жәдігерлерді табу жұмыстарын жалғастыра береміз», - деп қосты археолог ғалым.