Шұғылалы Шығыстың шыңы биік

27 Шілде 2021, 16:46
1952
Бөлісу:
Шұғылалы Шығыстың шыңы биік
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл ел тәуелсіздігіне – 30 жыл. Өткенге көз жүгіртіп, шыққан шыңымызды бағамдасақ, әр аймақтың ел болып табанымызға нық тұрудағы қосқан үлестеріне жеке-жеке тоқталуға болады.

Солардың бірі – шұғылалы шығыс өңірі. Жері – бай, көдесі – май, елі – жайсаң өлке.

Шұғылалы Шығыстың шыңы биік

Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің ірі өндірістік, аграрлық, туристтік, транспорттық және мәдени аймағы. Асты мен үсті тарихи және табиғи байлыққа толы Кенді Алтай өңірінің ел тұғырын биіктетіп, мәртебесін мығым етуге қосқан үлесі ұшан-теңіз. Егемендік алғалы бері аталған облыстағы жалпы өңірлік өнім 1993 жылы 2,5 млрд теңгені құраса, 2019 жылы 4 024,9 млрд теңгеге жетіп, қазірде 4,1 трлн. теңгеге артқан. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны 2 есе артып, 90 453 бірлікті құрады. Тәуелсіздікпен бірге ағарту саласы да дамыды. Атап айтар болсақ, облыста 144 мектеп, 27 балабақша бой көтерді. 453 спорт нысаны, 7,853 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 100,4 мың пәтер, 107 денсаулық сақтау нысандары салынды. 2018 жылы облыс орталығы Өскеменде роботохирургия, политравма, ортопедия және офтальмохирургия орталығы ашылды. 2019 жылы Семей қаласында гибридтік операциялық орталық, офтальмохирургия орталығы келушілерге есігі айқара ашты. Өскемен қаласында 200 төсектік балалар ауруханасы, Аягөз және Алтай қалаларында инсульт орталықтары қолданысқа берілді.

Шұғылалы Шығыстың шыңы биік

Сондай-ақ былтыр Аягөз және Алтай қалаларында тері арқылы коронарлық араласудың орталықтары, Өскемен қаласындағы №4 қалалық аурухана базасында пульмонологиялық орталық және Семей қаласында онкологиялық диспансердің ядролық медицина орталығы науқастарды қабылдай бастады.

2017 жылдан бастап шетелдік жетекші клиникаларда мамандарды оқыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 4 жыл ішінде 5511 маман оқытылды.

Өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамыту деңгейі де көңіл көншітерлік деп айтуға келеді. Себебі ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1991 жылы 7,2 млн теңгені құраса, бүгін 686,3 млрд.теңгеге дейін жеткен. Агроқұрылымдарға берілген ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданы 12,0 млн гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығына инвестициялар 75 есе ұлғайып, 36,9 млрд теңгеге теңесіп отыр.

Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 2,4 трлн теңгеге өсті. 2010 жылы Индустрияландыру картасы іске асырыла бастағаннан бері 9 мың жаңа жұмыс орнын құрылып, 768,9 млрд теңге сомасына 55 жоба іске асырылыпты. Осылайша, ШҚО 2020 жылы инновациялық өнім көлемі бойынша 116,7 млрд теңгемен республика бойынша 5-ші орынға табан тіреді.

Қазақстан Республикасының барлық инновациялық өнімдерінің 6,8%-ы осы өңірде өндіріледі.

Биыл жыл басынан бері облыс бойынша Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған 3,5 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шаралар іске асырылыпты. Солардың бірі, Өскемен қаласында 120 және 250 орындық 2 балабақша, Үржар ауданы Мақаншы ауылында 128 орындық балабақша және спорт кешені ел игілігіне қолдану үшін тапсырылды. Семей қаласында онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге арналған еліміздегі алғашқы ядролық медицина орталығы және перинаталдық орталықтың үшінші перзентхана бөлімшесі ашылды. Риддер қаласы, Ұлан, Зайсан, Жарма аудандарының тұрғындарына баспана кілттері тапсырылды. «Қайырымды істер марафоны» республикалық жобасы аясында жыл басынан бері 17 мыңға жуық адамды қамтыған екі мыңнан астам іс-шара өткізілген.

Шұғылалы Шығыстың шыңы биік

Тағы бір айта кететін елеулі оқиғалардың бірі – Елбасы Н. Назарбаевтың «Семей ядролық сынақ полигонын» жабу туралы Жарлыққа қол қойғанына биыл 30 жыл толып отыр.

Әлі де шығатын шыңы биік шығыстың ел ертеңі үшін қосар үлесі әлі де түгесілмесі анық.

Өзгелердің жаңалығы