Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жылына небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар Түркістан өңірін жыл сайын кілемге оранғандай қызыл алқапқа бөлеп жатады. Жылдағы дәстүрге сай Түлкібас ауданында биыл да «Ақсу-Жабағылының алауы, Шұбайқызылдың жалауы!» атты қызғалдақтар фестивалі болып өтті.
Фестивальді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп ашты. Аудан орталығында орналасқан Шұбайқызыл шоқысында еліміздің «Қызыл кітабына» енген Грейг қызғалдағы өседі. Бұл қызғалдақтар Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі тауларда да кездеседі. Ең көп шоғырланған жері осы Түлкібас ауданының Шұбайқызыл шоқысы.
1977 жылдан бері бұл жер мемлекеттің қарауына алынған. Фестивальдің ашылуында сөз алған белгілі қаламгер, жазушы Мархабат Байғұт «Красная горка» деп аталып келген жердің тарихын жиылған қауымға айтып берді.
«Қызғалдақ пен алманың Отаны – Қазақстан екені рас. Оның ішінде Түлкібастың жөні бөлек, жосығы ерек. Шұбайқызыл шоқысы 120 жыл бойы «Красная горка» болып жазылған. Тәуелсіздік алғаннан кейін осында 2012 жылы республикалық фотоконкурс өтті. Көбі бұл жердің атауын сол кезде Қызылтөбешік деп жазды. Содан мәселе көтеріліп, Шұбайқызыл тарихи атауы қайтарылды. Былтыр фестивальге жапондықтар келіп, осындай табиғи қазынамыз болса алтынмен қоршап қояр едік деп тамсанды. Ал біздің қазақ қызғалдақты аямай жұлады. Елбасымыз Голландияға барған кезінде сол елдің президенті қызғалдақтың 360 түрін жасап шығарып, соның арқасында бай елге айналғанын айтты. Ал филология ғылымының докторы Сауытбек Абдрахманов шұбайқызыл сирек кездесетін ұғым деп жазды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлына фестиваль өткізіліп жатыр, бірақ бұл шоқыны «Сайрам-Өгем» ұлттық паркіне беріп, оның қоршауы мен қадаларын ерекше дизаинмен қоршау керек деген ұсыныс айттым. Кезінде бау-бау қылып жұлып, «Жасасын, КПСС!» деп қызғалдақтан жазатын. Осында келіп демалып, қызғалдақты бейберекет жұлатын. Қазір елжандылық күшейіп келе жатыр. Қызғалдақты қыздай қадірлейік», - деді жазушы Мархабат Байғұт.
Қазақтың ұғымында қызғалдақ ерекше өсімдік. Отандық дәрігерлер бұл өсімдіктің бауыр ауруларына қарсы емдік қасиеті барын айтуда. Фестивальге биология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей жаратылыстану академиясының академигі, Ільяс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Химия және биология» кафедрасының оқытушысы Әшімхан Қанаев арнайы келді. Ол қызғалдақтың 3000-нан аса түрі барын, соның ішінде 35-тен аса түрі Қазақстанда өсетінін айтты.
«Қызғалдақтың 150-і түрі далалы яғни жабайы түрде өседі. Осы Шұбайтөбеде өсіп тұрған қызғалдақ дара өсетін түрі. Бұл өсімдіктің басқа өсімдіктерден айырмашылығы 7-15 күн арасында өмір сүреді, тұқымы бар-жоғы 2 жыл жеміс береді. Бұл сіздер мен біздер, ғалымдар тұрғысынан баптау мен күтуді талап етеді. Әйтпесе ұрығы жоғалып, күні ертең басқа жақтан алдырғаннан гөрі өзіміздегі бар дүниені қорғай білу керек. Бұл жерге қызғалдақтың элиталы түрін өсіріп, генетикалық тұрғыдан талқылаған жөн. Қызғалдақтың түр-түрін өсіріп бизнес жасап, туристерді тартуға қауқарымыз бар» - деді ғалым Ә.Қанаев.
Шара барысында «Шұбайқызыл – Қызғалдақтың Отаны» театрландырылған қойылымы мен «Шұбайызыл Қызғалдағым» сазды-хореографиялық көріністер қойылды. Сондай-ақ «Шұрайлым, Шұбайқызылым» атты жас қаламгерлер мен композиторлар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Келушілер «Ұлы дала ұраны – Қызғалдақ фестивалі» табиғатты қорғаушылар шеруін, «Қызғалдақ сарайы» облыстық суретшілер көрмесін тамашалап, Шұбайқызыл шоқысына саяхат жасады.
Айта кетейік, фестивальдің мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына байланысты мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға, жастарды табиғатты аялау және қорғау, сақтауға шақыру, жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған.