Премьер-министр Әлихан Смайылов Шығыс Қазақстан облысының барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысу үшін Өскемен қаласына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлихан Смайылов депутаттарға Мемлекет басшысының облыс әкімі лауазымына Ермек Көшербаев пен Дархан Сапановтың кандидатураларын қарауға ұсыну туралы хатын оқып берді. Олардың әрқайсысының осы жауапты қызметті атқаруы үшін жеткілікті жұмыс тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігі атап өтілді.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 117 депутат Ермек Көшербаевтың кандидатурасын қолдады, 36 депутат Д. Сапановқа дауыс берді. Дауыс беруге барлығы 153 депутат қатысты.
Үкімет басшысы таңдалған кандидат Шығыс Қазақстан облысын дамыту үшін өзінің барлық білімі мен тәжірибесін жұмсайтынына сенім білдірді.
Алда атқарылатын жұмыстың ауқымы көп, жаңа әкім барлық қиындықтарды еңсере алатынына сенімдімін, — деді Әлихан Смайылов.
Өңір активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Әлихан Смайылов соңғы 5 жылда облыс орнықты даму көрсеткіштеріне қол жеткізгенін атап өтті. Мәселен, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,7 есе, жан басына шаққандағы ЖӨӨ 3,3 есе өсті.
Облыста агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыз сумен қамтамасыз ету, туризмді дамыту жобалары сәтті іске асырылды. Ондаған әлеуметтік нысандар – мектептер, спорт кешендері, ауруханалар, соның ішінде ана мен бала, гематология, үстел теннисі орталықтары және басқа да көптеген нысандар салынды, — деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлік экономиканы дамыту бойынша жұмысты жалғастыру маңызды екенін айтты.
Мысалы, жаңа ұлттық жобалар аясында облыста 4,2 мың оқушыға арналған 10 жайлы мектеп және 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемесі салынады, сондай-ақ бір аудандық аурухананы жаңғырту жүргізіледі. Сонымен қатар ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде аграрлық секторды, ауылдық инфрақұрылымды және кәсіпкерлікті нығайту, сондай-ақ шекара маңындағы аудандарда өмір сүру деңгейін жақсарту жөніндегі шаралар іске асырылатын болады.
Ол сондай-ақ өңірлік экономиканың серпінді дамуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Бүгінгі таңда облыста тау-кен металлургия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм және энергетика салаларының даму қарқыны жоғары. Жалпы 28 инвестициялық жоба пысықтау сатысында. Бұл ретте Премьер-Министр ШҚО экономикасын одан әрі әртараптандырудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың маңыздылығына тоқталды.
Ол үшін инвесторларға тиісті жағдайлар жасап, өңірдің дамуына серпін беретін индустриялық жобаларды іске асыруға басымдық беру қажет, — деді Әлихан Смайылов.
Бұдан басқа әкімдіктің негізгі міндеттерінің қатарында тұрғындарды ауыз сумен және электрмен үздіксіз қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңғырту, сондай – ақ жергілікті жолдардың сапасын арттыру бар.
Сонымен қатар Премьер-министр жылумен жабдықтау мәселелерін шешу тақырыбын қозғады.
Өткен қыста Риддер ЖЭО-да қазандық агрегаттарында 81 авариялық жағдай тіркелді. Қала тұрғындарына қара суық түсісімен дұрыс жылу берілген жоқ. Бұл проблемаларды жаңа жылыту маусымы басталғанға дейін шешу керек. Осыған байланысты облыс әкімдігінің алдында Риддер ЖЭО-ны күрделі жөндеуді және алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету міндеті тұр, — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, аймақтағы экологиялық ахуал да үлкен алаңдаушылық туғызады. Атап айтқанда, Өскемен бүгінде еліміздің экологиялық жағынан ең ластанған қалаларының қатарына кіреді. Сондықтан зиянды қалдықтарды азайту және табиғатты қорғау іс-шараларына инвестицияларды ұлғайту үшін өнеркәсіптік объектілерді жаңғырту қажет.
Абай облысындағы соңғы қайғылы оқиғаларға байланысты өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару керек. ШҚО-да 3 млн гектарға жуық мемлекеттік орман қоры бар, сондықтан бұл мәселенің маңызы зор, — деп атап өтті Үкімет басшысы.