ШҚО-ның 46 мың тұрғыны атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрімен қамтылады

19 Сәуір 2019, 21:30
2032
Бөлісу:
ШҚО-ның 46 мың тұрғыны атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрімен қамтылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет делегациясы кешелі-бүгінді Шығыс Қазақстанның Семей және Өскемен қалалары тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралады.

Ресми сапармен Шығыс өңіріне атбасын бұрған Үкімет мүшелерінің негізгі мақсаты халықтың аз қамтылған және көпбалалы санаттарына бағытталған жаңа әлеуметтік қолдау шараларын түсіндіру болды.

«Біздің бүгінгі іссапарымыздің бірінші мақсаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Nur Otan партиясының жұмыстарын түсіндіру болса, екінші мақсатымыз өңірлердегі халықтың жай-күйімен танысып, атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысу. Тұңғыш Президенттің Nur Otan партиясының ХVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес жақын үш жыл көлемінде әлеуметтік саланың дамуына 2,3 триллион теңге бөлінеді. Аталмыш блокты дамыту бірнеше бағыттан тұрады. Жалпы, «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасын іске асыру үшін бірінші кезекте атаулы әлеуметтік көмек көрсету, баспанамен қамту арқылы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау, 1 маусымнан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақыларын көтеру, халықты сапалы медициналық қызметпен қамтып, емханаларды заманауи медициналық құрылғылармен қамтамасыз ету қажет», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Қазіргі уақытта халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық нормативтік-құқықтық актінің дайындалып, заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілгенін тілге тиек еткен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев 1 сәуірден бастап негізгі жұмыстардың басталып кеткенін алға тартты.

«Біздің бірінші мақсатымыз төмен жалақы алатын азаматтардың айлықтарын көтеру. Білім, денсаулық, спорт, мәдениет және қызмет көрсету салаларында еңбек ететін азаматтардың жалақыларын 15-30%-ға көтермекпіз. Бұдан бөлек халықпен тікелей жұмыс істейтін аудандық, қалалық әкімдіктер қызметкерлерінің де жалақылары 25%-ға көтеріледі. Сонымен қатар, тұрғындардың аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына берілетін атаулы әлеуметтік көмекті беру критерийі де өзгеріске ұшырап, осыған дейін бұл сома ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ын құрап келсе, биылдан бастап ол 70% мөлшерінде берілетін болады», - деп қосты Бердібек Мәшбекұлы.

Ел бойынша 830 мыңға жуық тұрғынның атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрімен қамтылатынын айтқан министр мұндай шаралар 46 мың шығысқазақстандықты да айналып өтпейтінін алға тартты. Егер бұған дейін мұндай көмек түрі тиесілі әр адам 4 834 теңге алып келсе, жаңа форматта бұл сома 20 789 теңгеге жетпек. Яғни аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың әр баласы 18 жасқа толғанға дейін осындай соманы алатын болады.

Бұдан бөлек, мұндай отбасыларға бастауыш сыныптарда оқитын балаларын ыстық аспен қамту, қоғамдық көлікте тегін жүруін қамтамасыз ету, мектеп формасымен, оқу құралдарымен жабдықтау, балаларын балабақшаға орналастыруда басымдылық беру, су және жарық есептегіш құрылғыларын тегін орнату, түрлі гранттар мен шағын несие беру, тұрғын үй жинақтары арқылы баспанамен қамту, бір реттік әлеуметтік көмекпен қамту сияқты қызмет пакетін көрсету межеленген.

Өзгелердің жаңалығы