Зайсан қаласында заңсыз аңшылыққа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 10 адам ұсталды. Олардың тоғызы – шетел азаматы. Қазір оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
27 қазанда «Охотзоопром» кәсіпорнының қызметкерлері мессенджерлерде заңсыз аңшылық белгілері болуы мүмкін бейнежазбаларды анықтады.
Бейнежазбалардағы автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлері бойынша олардың Шығыс Қазақстан облысында тіркелгені болжанды. «Охотзоопром» қызметкерлері жедел түрде қосымша ақпарат жинап, аталған көліктердің Зайсан қаласында болуы мүмкін екенін анықтады. Алынған мәліметтер табиғат қорғау полициясына берілді.
Сол күні сағат 22:10 шамасында Зайсан қаласында «Охотзоопром» инспекторлары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бейнежазбаларға қатысы болуы мүмкін үш жол талғамайтын көлікті тоқтатты.
Тексеру жүргізу үшін 9 шетел азаматы мен 1 Қазақстан азаматы ұсталды. 28 қазанда аталған дерек белгіленген тәртіппен тіркелді. Қазіргі уақытта аталған азаматтардың заңсыз аңшылыққа қатысы бар-жоғы анықталуда. Құзыретті органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуде, - деп хабарлады Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында зираттан аңшы мылтығы мен оқ-дәрі табылды.