Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ұлы жеңістің 74-жылдығына орай Шығыс Қазақстанда 25 сәуір - 25 мамыр аралығында ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалардың денсаулығын тексеруге бағытталған «Қамқорлық» айлығы жарияланған болатын.
Айлық аясында облыстағы барлық амбулаториялық-емханалық медициналық мекемелерінде диагностикалық, зертханалық талдаулар және емдік-сауықтыру шаралары жүргізіліп, дәрігерлік тексерістер мен кеңес берулер өткізілуде. Сондай-ақ стационарлы және шипажайлық орындарына квоталар берілді. Айлық барысында медициналық тексерулер мен консультативтік-диагностикалық көмек өздігінен жүріп-тұра алмайтын ардагерлерге үйде көрсетіліп, оларға терапевт, кардиолог, онколог, хирург мамандар мен медбикелерден құрылған топтар барып қайтты.
Семей қаласының тұрғыны Александр Тагинцев майдан даласында артиллериялық қаруды көздейтін маман болған. Ол жауынгер достарымен бірге Балтық жағалауын неміс фашистерінен тазартуға қатысты.
«Өкпеме снаряд жарықшағы тиді. Қазіргі уақыт болса дәрігерлер оған бірнеше минутын ғана кетірер еді. Ол кезде менің кеуде сүйегімді ашып, қабырғаларымды сындырып барып қана снаряд жарықшағын алды. Бүгінгі таңда медицинаның дамып кеткені көңіліме қуаныш ұялатады. Енді ұрпағымның денсаулығы үшін алаңдамайтын болдым», - деді Александр Тагинцев.
Жеңіске санаулы күндер қалғанда өкпесінен жараланған ол қуанышты хабарды әскери госпитальде естіген екен.
«Уақыт ешкімді аямайды. Ардагерлер қатары жыл санап сиреп барады. Өткен жылы өңірімізде Жеңіс күнін 240 ардагер қарсы алса, биыл Екінші Дүниежүзілік соғыстың 179 сарбазы ғана қалды. 8 мамырға дейінгі аралықта өткізіліп жатқан айлық аясында облыстағы барлық ҰОС ардагері мен оларға теңестірілген тұлғалар толықтай, ал тың еңбеккерлерінің 65%-ы, яғни 8970-і медициналық тексеріспен қамтылды. Соның ішінде төрт ардагерге тегін түрде протезді тіс салынып, есту аппаратына мұқтаж үш ардагерге құрылғылар табысталды. Тар маман дәрігерлері мұқтаж 108 азаматқа үйлерінде көмек көрсетті. Әрине мұндай жұмыстар бізде жыл көлемінде жүргізіле береді. Бірақ Жеңіс күні қарсаңында оларды ерекше қамқорға аламыз. Бұл біздің басты міндетіміз», - деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан.
Қоса кетсек, ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көрсетіледі. Бұдан бөлек, өңірде оларды стационарлы емдеумен қамту мақсатында 150 төсек-орын тәулік бойғы және 20 төсек-орын күндізгі стационарда бөлінген. Облыстың барлық аудандарындағы ауруханаларда ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға арналған жеке палаталар қарастырылған. Оларда жалпы саны 90 төсек-орын бар. Сонымен қатар, облыс орталығындағы №4-ші қалалық аурухана базасында 20 орындық терапиялық бөлімше жұмыс істеуде.