Шығыс Қазақстан облысында заң талаптарын өрескел бұзған құрылыс компанияларына жалпы сомасы 180 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Тексеру нәтижесінде облыс орталығында бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің тиісті рұқсат құжаттарынсыз салынғаны анықталды. Сондай-ақ бірқатар құрылыс компаниялары сараптамалық қорытындыларды белгіленген мерзімнен кеш рәсімдеген.
Бұдан бөлек, екі ірі компания үлескерлерді заңсыз тартып, алдын ала төлем ретінде шамамен 2 миллиард теңге көлемінде қаражат жинаған. Қазіргі уақытта аталған ұйымдар қатаң бақылауға алынды.
Жауапты органдардың мәліметінше, құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлерді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бастығының орынбасары Самат Қайырдиновтің айтуынша, 2026 жылы өңірде жеке тұрғын үй кешендерінің құрылысына мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда Өскемен қаласында 36 тұрғын үй кешені салынып жатыр, оның екеуі проблемалық нысан ретінде тіркелген. Аталған объектілердің құрылысы облыс әкімдігінің қатаң бақылауында.