ШҚО-да медициналық техникаларды сатып алу көрсеткіші еселеп өсті

4 Наурыз 2022, 17:05
2488
Бөлісу:
ШҚО-да медициналық техникаларды сатып алу көрсеткіші еселеп өсті

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы бес жылда Шығыс Қазақстанның медициналық мекемелеріне үш мыңнан астам дана заманауи құрылғылар сатып алынған.

Өткен бес жыл өңірдің денсаулық сақтау саласы үшін үлкен өзгерістерге толы болды. Осы аралықта жоғары технологиялық медициналық техникаларды сатып алу көрсеткіші 2,5 есеге өсіп, ауруханаларға үш мыңнан астам дана заманауи құрылғы алынды. Бұл мақсатқа 35,6 млрд теңге бөлінді.

Қазіргі уақытта Өскемен қаласындағы бірінші қалалық аурухана базасында Роботты хирургия және трансплантология орталығы жұмысын сәтті жүргізуде. Маммология және гинекологияның жансақтау бөлімінің ота жасау блогы қайта жаңғыртылып, компьютерлік тамограф пен сәулелі терапия жүргізуге арналған жүйелі жылдамдатқыш сатып алынды. Облыстық аурухана мен мамандандырылған медициналық орталыққа рентген аппараты алынды. Бұдан бөлек, жасушалық және гендік-инженерлік технологияларды қолданатын Гематология орталығының құрылысы жүргізілуде. Жақын арада «Олимп» медициналық орталығының екі емханасы мен жаңа зертханалық корпусы ашылады. 

Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің оқуын, олардың біліктіліктерін арттыру бағытына да ерекше назар аударылған. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, үш деңгейлі бағдарлама аясында бес жылда алты мыңға жуық маман оқытылса, олардың 340-ы өз біліктіліктерін шетелдік клиникаларда көтеріп келді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып, облыс аумағынан халықаралық орталықтарға жүзден астам маман жолданбақ көрінеді.

Денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған бағдарламаны іске асыру кезеңінде халықтың медициналық қызметтер сапасына деген көңіл толу көрсеткіші 51 пайызға, ал қатерлі ісік ауруларын ерте бастан анықтау деңгейі 30 пайызға өскен. Дей тұрғанмен, аймақ басшысы денсаулық сақтау саласында әлі де болса бірқатар кемшіліктердің бар екенін атап өтті. 

Жүргізілген талдаулар қан айналымы жүйелері ауруы бар пациенттердің жедел түрде ауруханаға жатқызылғандарының 57 пайызының ауруханаға жатқанға дейін еш жерде диспансерлік тіркелуде болмағанын анықтаған. Бұдан бөлек, медициналық мекемелердің халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартуға құлқы жоқ. Медициналық ұйымдарда түскен табыстың 61 пайызы дәрігерлердің жалақысына жұмсалса, 17 пайызға жуығы скринингтік зерттеулер жүргізуге, ал бір пайыздан астамы медицина қызметкерлерін оқыту және емдеу ғимараттарын жөндеуге жұмсалады, - деді Даниал Ахметов.

Өзгелердің жаңалығы