Павлодарда 90 орындық инфекциялық аурухана жабылды

4 Наурыз 2022, 16:47
1847
Бөлісу:
Павлодарда 90 орындық инфекциялық аурухана жабылды
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қалалық №1аурухананың жанында жұмыс істеген 90 орындық инфекциялық госпиталь жабылды. Бүгін соңғы науқас үйіне оралды.

Айта кетсек, қалалық аурухана жанындағы госпиталь 10 ай бойы жұмыс істеді. Ал оның құрамындағы акушерлік-гинекологиялық инфекциялық госпиталь екі жыл бұрын ашылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен қалалық перзентхананың «инфекциялық госпиталь» мәртбесінің күші жойылды. Енді перзентхана бұрынғы режимі бойынша жұмысын жалғастырады.

Инфекциялық госпиталь меңгерушісі Нұрсұлтан Аутиевтің айтуынша, бөлімше ашылғалы дертті емдеу әдістері бірнеше рет өзгерген. Ем-дом шаралары коронавирустық инфекцияның жаңа штаммдары пайда болуына байланысты өзгеріп тұрған. 

«Инфекцияны емдеу хаттамасы бес рет өзгерді. Жұмысымыз соған байланысты жүргізілді. Өткен жылдың соңында мамандардың жүктемесі ауырлады. Жағдайы күрделі, созылмалы аурулары бар және егде жастағы науқастар көбейді. Ал «Омикрон» дендегенде, жұмысымызда қиындақтар болған жоқ. Бірақ, келген науқастар саны көбірек болды. Госпиталь ашылғалы бері 1500-ден астам пациент ем қабылдады. 60-тан астам медициналық маман еңбекке тартылды», - дейді Нұрсұлтан Аутиев.

Ал акушерлік-гинекологиялық бөлімшеде үш мыңға жуық әйел босанды. Бөлімше меңгерушісі, акушер-гениколог Орал Жокебаевтың айтуынша, акушерлік-геникологиялық госпиталь тек Павлодар облысында құрылған. 

«Бұл жерге коронавирустық инфекция жұқтырған әйелдер босанды. Екі жыл ішінде үш мыңға жуық азаматша ана атанса, олардың  мың жарымы ауру жұқтырғандар болып шықты. Дерт тараған кезде көбіміз қорықтық. Аурумен күресу жағына алаңдадық. Госпиталь ашылған кезде үш ай бойы осында тұрдым. Туыстарым үшін алаңдадым. Бастапқыда халық коронавирустық инфекцияның барына сенбеді. Кейін жағдай өзгерді, әрине», - дейді Орал Жокебаев. 

Айта кетейік, Павлодар облысы бір апта бұрын коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша «жасыл» аймаққа енді. Бұған қарамастан, санитарлық дәрігерлер аурудың күрт таралу жағдайы қайталануы мүмкін деген пікірде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс халқының 360 мыңнан астамы вакцина алған. Ал 100 мыңнан астам тұрғын қайта иммундау шараларынан өткен. Соңғы тәулікте 17 адам ауру жұқтырса, 168 науқас сырқаттан айығып шықты.

 

Өзгелердің жаңалығы