ШҚО-да халықаралық музыкалық этнофестиваль өтеді

ШҚО-да халықаралық музыкалық этнофестиваль өтеді
668

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында шығармашылықпен рухтанған, Алтай әуендерін әуелеткен өнерпаздардың басы қосылатын «BALKARAGAI TUNES» халықаралық музыкалық фестивалі өтеді.

Катонқарағай – түрлі діндер мен нанымдардың, өткеніміз бен бүгініміздің, әртүрлі этностар мен дәстүрлердің үйлесімді өмір сүретін бірегей мекен. Фестиваль үш негізгі ерекше бағыт бойынша өтеді: 
BALKARAGAI TUNES ETHNO (WORLD MUSIC)
Дәстүрлі ұлттық және танымал музыканы фольклор элементтерімен біріктіретін заманауи музыканың маңызды бағыттарының бірі.
BALKARAGAI TUNES CLASSIC (КЛАССИКАЛЫҚ МУЗЫКА)

Әлемдік музыкалық идеяның үздік жетістіктері – сапаны, зияткерлікті, сұлулық пен құндылықты бейнелейді.
BALKARAGAI TUNES FOLK (ДӘСТҮРЛІ МУЗЫКА ЖӘНЕ ФОЛЬКЛОР)

Түркі әлемінің ғасырлық музыкалық және поэтикалық дәстүрлері, әр ғасыр шеберлерінің кемеңгер туындылары орындалады.

Іс-шара аясында балалар мен жас музыканттарға арналған шеберлік сыныптары, шығармашылық кездесулер, этникалық киімдер мен ұлттық костюмдердің көрсетілімдері жоспарланып отыр.

Этнофестивальдің Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі – Катонқарағай ауданында өтетіні кездейсоқ емес. Түркі әлемінің бесігі саналатын Ұлы Алтайдың оңтүстік бөлігінде орналасқан, Қазақстанның киелі картасында өзіндік орны бар Катонқарағай өзінің ежелгі табиғи сұлулығын сақтап қалған киелі мекен. 

Фестиваль аясында көне «бата» рәсімі өтеді, онда музыканттар қасиетті Катонқарағай жерінен бата алып, балқарағай отырғызып, сол арқылы өлкенің рухани әрі табиғи сұлулығына өз үлестерін қосады.


Фото: дереккөз