ШҚО-да бірнеше сырқат түрі тиімсіз диспансерлеуден арыла бастады

25 Наурыз 2019, 09:44
2234
Бөлісу:
ШҚО-да бірнеше сырқат түрі тиімсіз диспансерлеуден арыла бастады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысының емханалары біртіндеп пациенттерді әсері аз, бірақ шығыны көп диспансерлеуге емес адамның өз денсаулығын өзі қадағалау үрдісіне көше бастаған болатын.

Бұл әдіс сырқатты емдеуде қос тараптың, яғни дәрігердің де, пациенттің де жауапкершілігін арттыруды көздейді. Әзірге жаңа жүйеге қант диабеті, артериялық гипертония мен созылмалы жүрек жетіспеушілігі сияқты үш сырқат түрі ғана енгізілген.

«Естеріңізде болса Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен жылдың қазан айында жасаған Жолдауында денсаулықты бақылау саласында прогрессивті әдістер енгізіп жүрген учаскелік дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру жөнінде тапсырма берген болатын. Қазіргі уақытта өңіріміздегі медициналық университет дәрігерлерді қант диабеті, артериялық гипертония және созылмалы жүрек жетіспеушілігі сияқты үш бағытта оқытып жатыр. Бұл сырқат түрлерінің барлығы инфекциялық емес созылмалы аурулар қатарына жатады. Сондықтан оларды емдеуде жаңа әдістер жасау қажет. Осы себепті біздің алдымызда тұрғындарды бұл жүйеге неғұрлым тез бой үйреткізу міндеті тұр», - деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.

Жауапты тұлғаның айтуынша, аталмыш жүйе медицина қызметкерімен қатар пациенттің өзіне де бірқатар мінет жүктейтін көрінеді. Атап айтсақ, арнайы курстардан өтіп, біліктілігін растайтын сертификаты бар дәрігер пациентпен келісімшартқа отырады. Келісімшартта пациент белгілі бір уақыт аралығында дәрігер қабылдауына келіп, тексеруден өтуге, уақытылы емделіп, медициналық мекемеге барлық қажетті ақпаратты беруге міндеттеледі.

«Қазіргі уақыттағы диспансерлеу жүйесінде мұндай созылмалы сырқаттарға кері байланыс қарастырылмаған. Дәрігер тек дәрі-дәрмек жазып беріп қана отырады. Яғни, науқастың әрі қарай қалай емделетіні дәрігер назарынан тыс қалады. Осының салдарынан диспансерлеу жүйесінің әдісі өте тиімсіз болып қалуда», - деп қосты басқарма басшысы.

Өзгелердің жаңалығы