ШҚО-да 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылды

29 Сәуір 2023, 22:37
944
Бөлісу:
ШҚО-да 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
Фото: baq.kz

Былтыр ауыл шаруашылығында АӨК инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде 36 млрд теңгеге 9 ірі инвестициялық жоба іске асырылған. Олардың қатарында қайта өңдеу, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы сынды бағыттардағы бастамалар бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өткен жылы жүзеге асырылған жобалар ішінде 29,9 млрд теңгелік 3 ұсыныс қаржылық қолдау тапқан, атап айтқанда, Глубокое ауданындағы «AltynShygys» ЖШС жалпы құны 28,8 млрд теңге болатын, қуаттылығы жылына 140 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы май экстракциялық кешен жобасын ұсынған. Сонымен қатар «Восток-Молоко» ЖШС Өскемен қаласының ірімшік цехын кеңейтуді қолға алып, 550 млн теңгеге қуаттылығы жылына 100 тонна болатын жобаны іске асырған. «Шығыс-Найман» ЖШС ұсынған сыйымдылығы бір мезгілде 10 мың тонна астық сақтауға жететін Алтай ауданындағы элеваторлық құрылысқа 500 млн теңге жұмсалған.

Инвестициялық жобалар бойынша мал шаруашылығы саласында 5427 млн теңгелік 4 жоба іске асырылған, атап айтқанда, Күршім ауданында тауарлы-сүт фермасын салу, Риддер қаласында осы бағыттағы ферманы жаңарту, Зайсан ауданында ірі қара мал сатып алу, Шемонаиха ауданында тауарлы-сүт фермасын кеңейтуге бағытталған жобалар мақұлданған.

Өсімдік шаруашылығы саласында Шемонаиха ауданы Убинка ауылында 680 га суару жүйесін салуға 600 млн теңге бөлінген. Ал балық шаруашылығы бойынша «Эко-Фиш-А» ЖШС Алтай ауданында акваферма салу жобасын ұсынған. Жоба құны – 100 млн теңге.

Өзгелердің жаңалығы