Шпекбаев жемқорлықтың алдын алмайтын министрліктерді атады

29 Қаңтар 2021, 11:00
1103
Бөлісу:
Шпекбаев жемқорлықтың алдын алмайтын министрліктерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2020 жылдың қорытындысы бойынша алқа отырысында Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жемқорлықтың алдын алу бойынша басшылары белсенді шаралар қабылдамайтын мемлекеттік органдар анықталды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша – бұл Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті. Бұл Transparency Kazakhstan әлеуметтік зерттеуінің және қылмыстық-тергеу практикасының нәтижелерінде расталды, - деп атап өтті ол.

Антикор басшысы атағандай, Елбасының «Адалдық алаңы» жобасын барлық өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар деңгейінде тарату туралы тікелей тапсырмасына қарамастан, ІІМ тұрмыстық жемқорлық проблемасы толық шешілгендей, жобалық кеңсенің ашылуына кедергі келтіруде. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуден бас тартуы да түсініксіз.

АШМ жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингтің қорытындылары бойынша бұрынғыдай тізімнің соңында. Министрлік, әсіресе, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау тәртібін жетілдіруге қатысты біздің ұсыныстарымызды толық көлемде орындамайды. Байлар байып, кедейлер кедейлене береді демекші, бұл жемқорлықты ғана емес, сонымен қатар бизнесті теңсіз жағдайға қояды, - дейді Шпекбаев.

Ол Мемлекеттік кірістер комитетінде де алдын алу шаралары жоқтығын, азаматтар мен кәсіпкерлердің кеден және салық органдарындағы жүйелі түрде алым-салық алуға тұрақты шағымдары осыны дәлелдеп отырғандығын айтты.

Барлық мемлекеттік орган мен ұйым өз жұмысының жемқорлыққа қарсы әлеуетін өсіріп, қызметкерлері жемқорлық әрекеттері туралы ойлауға да мұрша бермейтін жағдай жасауы тиіс, - деді Агенттік төрағасы онлайн отырыста.

Өзгелердің жаңалығы