Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованың «Есеп комитеті – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесін ашу бойынша екі жақты кездесуі өтті.
Іс-шара Есеп комитеті мүшелерінің, аппаратының және ведомстволық бағынысты ұйымының, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыстар бойынша тексеру комиссиялары төрағаларының, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органдары басшыларының, сондай-ақ жұртшылық өкілдерінің қатысуымен өтті.
Іс-шараны аша отырып, Годунова сыбайлас жемқорлық көріністерінің уақытылы алдын алудың маңыздылығын атап өтті.
Есеп комитетінің өткен жылғы қызметінің қысқаша қорытындылары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар айтылды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда екі ведомствоның күш-жігерін біріктіру, барлық мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерін интеграциялау, түпкі алушыға дейін бюджет қаражаты мен Ұлттық қор активтерін бірлесіп қадағалау бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.
Агенттік төрағасы Шпекбаев сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдан бастап парасаттылық қағидаттарын бөліспейтін қызметкерлерден тазартуға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы инфрақұрылымды құрудағы Есеп комитеті мүшелерінің рөліне назар аударды.
Мемлекеттік аудит органдарына қосымша функциялар бере отырып, Есеп комитеті мен тексеру комиссиялары қызметкерлерінің, ең алдымен, олардың басшыларының парасаттылығы мен адалдығын арттыру туралы ұмытпау маңызды, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Қатысушылардың пікірінше, бұған қоғамдық көмекшілер – сарапшылар, кеңесшілер және жай қамқор азаматтар көмектесе алады.
Осыған байланысты, Жобалық кеңсе шеңберінде жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатарынан сараптамалық кеңес құрылатын болады.
«Есеп комитеті – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жоғары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз етуге жаңа серпін береді.
Кеңес қорытындысы бойынша аудиторлық іс-шараларды өткізу кезінде, оның ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілген аудит материалдары бойынша өзара іс-қимылды күшейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Өңірлік тексеру комиссияларына осындай жобаны әзірлеу және іске асыру ұсынылды.