Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Құнды қасиетті бойына сіңірген кез келген адам ардан аттамайды. Ол Отанына адал қызмет етеді және парасаттылығын қалыптастыруға септігін тигізеді. Бұл құндылықтар әрбір мемлекеттік қызметкердің адамгершілік кодына жазылуы тиіс.
Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты.
Қазір елордадағы Тәуелсіздік сарайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттіктің 2019 жылғы жұмыс нәтижелері туралы алқа отырысы өтіп жатыр.
Сіздердің назарларыңызды тағы бір маңызды сұраққа аударғым келеді. Біз мемлекеттік қызметкерлерді алдын-ала тұтқынға алу орындарына апарып, арнайы экскурсия жүргіземіз. Сол кезде олардың қандайда бір жемқорлық жасау ойларын түбінен кесіп тастайды. Өкінішке орай, солардың ішінде ашқарақ, ашкөз және тойымсыз шенеуніктер бар. Олар тек бір ғана тілді түсінеді. Бұл – Қылмыстық кодекстің тілі. Парасаттылық адамгерщшілік пен адалдықтың басты кілті ретінде тек мемлекеттік қызметте ғана емес, бизнесте де қолданылуы керек», - деді Алик Шпекбаев алқа отырысында.
Ол кәсіпкерлердің санасын трансформациялауда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің комплайнсы жетілгенде ғана іске асатынын айтты. Ұлттық компаниялар мен жекеменшік секторда "compliance" офицерлердің болуы бизнестің парасаттылығын әжептәуір арттыруға оң серпін береді.
Бұдан басқа, халық үшін жағымды жаңалық – жемқорлық фактісі туралы хабар берген азамттар 11 миллионға жуық теңге сыйақы алатын болады. Агенттіктің төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес сыйақы мөлшері дифференцияланғанын жеткізді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды марапаттаудың жаңа жүйесі туралы қаулы қабылдады. Сыйақылар енді ЭЫДҰ елдеріндегі сияқты сараланатын болады. Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам сот үкімі шыққаннан кейін пара немесе залал сомасының 10% ала алады. Сыйақының ең жоғарғы мөлшері 10 миллион 600 мың теңгені құрайды, - деп мәлімдеді Шпекбаев бүгін алқалы жиында.