Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысына жұмыс сапарының екінші күні Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қалалық мемлекеттік мекемелердің қайта құрылған қызметімен танысып, бизнес-қоғамдастықпен және жұртшылықпен кездесулер өткізді.
Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік төрағасы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша жаңа филиалына барды. Ол бір мезгілде 30 тұтынушыға қызмет көрсетіп, ХҚКО үшін қалыпты емес Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменті мен Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық қызметтерін көрсетеді.
Мемлекеттік мекемелер ұсынатын қызметтің сапасымен танысуды жалғастыра отырып, Шпекбаев облыстық сот жанындағы Құқық қорғау және татуластыру қызметтері орталығында болды.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін біз қызметтер ауқымын кеңейттік. Егер бұрын Орталық азаматтарға тек құқықтық кеңес берсе, қазір өтініш білдірушілер білікті заңгерлік, психологиялық және медиативтік көмек алады, – деп атап өтті облыстық сот төрағасы Жұмағұлов.
Сервистік әкімдік ғимаратында Алик Шпекбаев тұрғын үй, жер алу және тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша азаматтарды жеке қабылдады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы бизнес-қауымдастықпен кездесуі жұмыс сапарының өзегіне айналып, оның барысында кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелер талқыланды.
Әңгіме барысында Агенттік төрағасы мемлекеттің экономикадағы реттеуші рөлін төмендету және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға жол бермеу қажеттігін тағы да атап өтті.
Кәсіпкерлер барлық келеңсіз жайттарға ерекше сезімтал. Әсіресе пандемия кезінде, тап осы уақытта мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Қазіргі жағдайда бизнестің жұмысына кедергі жасау – бұл ең ауыр қылмыс, - деді ол.
Бұл тұрғыда кәсіпкерлер мен инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасын атап өту маңызды. Осы мақсатта алдын алу жұмыстары жүргізіліп, бюрократиялық кедергілерге және заңсыз араласуға жол берілмейді. Тек Атырау облысында 159 млрд теңгеден астам сомаға 20-дан астам бизнес жобаның қорғауына алынған.
Превенцияның күшеюімен қатар бизнес мүдделеріне қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік те күшейтіледі. Қылмыстық кодекске жаңа түзетулер енгізілгеннен кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіргені үшін екі емес бес жылға дейін, ал мұндай қызметке заңсыз қатысқаны үшін бір емес екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Құқық қорғау органдары басшылығының және судьялардың осындай әрекеттерді жасауы тиісінше 8 және 5 жылға дейін одан да қатаң жазаға әкеліп соғады, - делінген агенттік хабарламасында.