Шошқа фермасында қаза тапқан 4 адамның екеуі ағайынды болған

3 Тамыз 2023, 09:36
3028
Бөлісу:
Шошқа фермасында қаза тапқан 4 адамның екеуі ағайынды болған
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қайғылы оқиға СҚО-ның Новоивановка ауылында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

1.tv.kz мәліметінше, қазір Солтүстік Қазақстан облысында төрт бірдей қызметкердің өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Белгілі болғандай, 4 ер адам шошқа фермасындағы канализациялық кәрізді тазартып жатқан, алайда байланысқа шықпай қалған. Кейіннен олардың денелері тереңдігі 8 метр құдықтан табады. 

Қаза болғандардың ең үлкені 57-де, ал ең кішісі - 23 жаста болды. Олардың денелерін сот-медициналық сараптамаға алып кетті. 

Алдын ала мәлімет бойынша олардың өліміне - канализациялық кәріздің улы буы, яғни газ қоспасы себепкер болуы мүмкін.

Компания өкілдерінің айтуынша, қаза болғандар қорғаныс құралдарымен қамтылған. Дегенмен олар бір-біріне көмектесемін деп ажал құшқан болуы керек дейді. Құдық түбінде су болғаны да айтылды.

Қаза болған екі ер адамның ағайынды екені белгілі. 

Кәсіпорын жерлеу рәсімінің шығынын өз мойнына алады. Сондай-ақ балалары кәмелет жасқа толғанға дейін қаза болғандардың жалақылары төленеді деп уәде етті.

Қазір оқиға орнында полиция департаментімен қоса прокуратура жұмыс істеп жатыр. Еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын арнайы комиссия анықтайтын болады.

Еске салсақ, Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында EMS Agro компаниясының шошқа фермасында төтенше жағдай болды. Мекеменің төрт қызметкері канализациялық құдықты тазартамыз деп қаза болды.

Өзгелердің жаңалығы