Шолу. Қазақстанда спорт қалай дамып жатыр

24 Тамыз 2023, 08:00
2641
Бөлісу:
Шолу. Қазақстанда спорт қалай дамып жатыр
Фото: BAQ.KZ

Елімізде соңғы уақытта салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданатындардың саны көбейді. Осы орайда, елімізде спорт саласы қалай дамып жатқаны жайлы шолу жасаған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауында бұқаралық спортқа ерекше назар аударып, дене шынықтыруға басымдық беру керек екенін айтқан еді. Әр өңірде, облыс орталықтарында спорт секцияларын ашуды тапсырды. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына тоқталған болатын. Осы орайда «Дене шынықтыру және спортты дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Осыдан кейін жалпыұлттық жоспар шеңберінде дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.

2020-2025 жылғы жоспар орындалып жатыр ма?

Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз,– деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Нәтижелі жұмыстардың арқасында 2020 – 2022 жылдары елімізде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтар саны 31,4 %-дан 38,4 %-ға дейін ұлғайды. Республикада салауатты өмір салтын насихаттау шеңберінде жыл сайын 1,2 млн адамды, оның ішінде ауылдық жерлерде 500 мың адамды қамтитын барлық жас санаттарына арналған, әртүрлі деңгейдегі 25 мыңнан аса спорттық-бұқаралық іс-шара тұрақты түрде өткізіледі. Әсіресе, соңғы жылдары жүгіруден марафондар, велошерулер мен веломарафондар, фестивальдер, отбасылық жарыстар соның бірден-бір дәлелі. Жалпы алғанда, бұқаралық спорт әлі де тиісті деңгейде дамымай жатыр деп айтуға болады. Оның негізгі себебі спорттық инфрақұрылымның жетіспеушілігі немесе тозуы.

Спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, биыл 113 жаңа нысан салынып жатыр, 20-сы қайта жаңартылып, 6 жұмыс істеп тұрған спорт нысаны қайта жарақтандырылады. Ауылдық жерлерде кемінде 100 аз шығынды және тез салынатын модульдік спорт нысандарын салу мәселесі пысықталып жатыр. Бүкіл ел бойынша 43 мыңнан астам спорт ғимараты жұмыс істесе, олардың жартысынан көбі ауылдық жерлерде орналасқан. Оның 26,5 мыңы - ашық спорт алаңдары, ал 16,5 мыңы - спорт кешендері ,-деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Одан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақшалардағы, мектептер мен колледждердегі дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне қосымша ақы белгіленді. Осылайша, мектептерде спорт секцияларын ұйымдастырғаны және өткізгені үшін дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне негізгі лауазымдық жалақысының 100 пайызы мөлшерінде қосымша ақы белгіленген. Жаттықтырушы-мұғалімдердің жалақысы да екі еселенеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылға дейін жыл сайын 25 пайызға өсті.

Жалпы елімізде өткен жылдың қорытындысына сай республикада 7,5 млн-нан астам адам спортпен жүйелі түрде айналысқан. Бұл дегеніміз, халықтың 38,5%-ы ден қойған деген сөз. Балалар арасында спортты дамыту ерекше назарда.

Қазіргі уақытта 258 мыңнан астам бала мен жасөспірім 800-ден астам балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру клубтарында айналысады. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 487 БЖСМ жұмыс істейді, онда 390 мыңнан астам жас спортшы тәлім алады. Ал спорттағы дарынды балаларға арналған 13 облыстық мектеп-интернатта, 45 спорт түрі бойынша 4254 тәрбиеленуші оқиды,-деді Асхат Оралов.

Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың орындалу осындай. 2025 жылға дейін спорт саласында әлі де біршама өзгерістер болатыны белгілі. Себебі, Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.

2023-2029 тұжырымдамасы не береді?

Бұл тұжырымдамаға назар аударсақ онда бұқаралық спортқа, соның ішінде балалар мен жастар арасында, азаматтардың барлық санаттары үшін дене шынықтыру және спортпен шұғылданудың жалпыға қолжетімділігіне, дене шынықтыруға, әуесқой және кәсіптік спортқа тең көзқарасқа, жоғары жетістіктер спортын және бейімделгіш спортты дамытуға ден қойылған.

Біздің министрлік өз кезегінде жоғары жетістіктер спортын дамыту бойынша да, халық арасында дене шынықтыруды насихаттау бағытында да ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, биыл 113 жаңа нысан салынып жатыр, 20-сы қайта жаңартылып, 6 жұмыс істеп тұрған спорт нысаны қайта жарақтандырылады. Ауылдық жерлерде кемінде 100 аз шығынды және тез салынатын модульдік спорт нысандарын салу мәселесі пысықталып жатыр. Бүкіл ел бойынша 43 мыңнан астам спорт ғимараты жұмыс істесе, олардың жартысынан көбі ауылдық жерлерде орналасқан. Оның 26,5 мыңы - ашық спорт алаңдары, ал 16,5 мыңы – спорт кешендері,-деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Тұжырымдамаға сай 2029 жылға дейін елімізде 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өтеді. Одан бөлек мектептер мен жоғары оқу орындарының жанынан тұрақты жұмыс істейтін спорт клубтары мен командалар құрылады. Олардың арасында аудандық, облыстық және республикалық жарыстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар, мемлекеттік қызметшілер, медицина қызметкерлері, БАҚ өкілдері, қаржы құрылымдары арасында тұрақты түрде спартакиадалар болады. Одан бөлек, егде жастағы спортты жанына серік еткен жандар үшін де ерекше көңіл бөлінеді. Яғни «қолжетімді спорт» жобасын іске асыру жалғасады. Еліміздің барлық өңірлерінде скандинавиялық жүріс, йога сынды денсаулыққа пайдалы спорт әрі қарай жалғасады. Оны елордадағы Ботаникалық баққа келетін спортшылардан байқауға болады. Әр сенбі-жексенбі сайын тегін йога сабақтары өтеді. Одан бөлек марафонға дайындық үшін жүгіретіндердерге арнайы жаттықтырушылар сабақ ұйымдастырады.

Спорттағы медицнаның жай- күйі

Спортшылар арасында жарыс жолына шыққанда ең жиі айтылатын сөз «жарақатсыз болсын» деген тілек. Себебі дода барысында түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Бір алған жарақатынан кейін бір жыл немесе одан да көп уақытта сүйікті спортымен айналыса алмай қалуы мүмкін. Сондықтан құрамадағы дәрігерлер мен массаж жасаушылардың да рөлі ерекше. Осы орайда, спорттағы медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Елімізде спортшыларды оңалтуға және қалпына келтіруге арналған өңірлік дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің бөлімшелерін ашу бойынша жұмыс жалғасады. Спорттық медицина орталығын кезең-кезеңімен жаңғырту және ұлттық құрамаларды медициналық-биологиялық қамтамасыз ету сапасын жақсартамыз. Жас спортшылар жағдайында олардың жас, физиологиялық және психологиялық ерекшеліктері ескеріледі,-деді Асхат Оралов.

Ұлттық спорттың деңгейі

Әр халықтың өзінің мәдениетіне, болмысына, ерекшелігіне сай ұлттық спорт түрлері болады. Ол спорт сол ел үшін басты ұлттық құндылықтардың бірі. Ал қазақ халқында, қазақ баласының бесіктегі тербелісінен бастап, бүкіл ғұмыры ұлттық спортпен тығыз байланысты. Құрбы-құрдастарымен асық ойнауы — мергендік пен дәлдікке, ептілікке, бес жаста ат жалын тартып мінуі — батылдыққа, күресуі — әдіскерлікке, көкпар тартуы — күштілікке тәрбиелейтін құрал болса, тоғызқұмалақ – ойдлауына, есепке жүйрік болуына әсер етеді. Соңғы жылдары ұлттық спортымызға да ерекше көңіл бөлініп жатыр Солардың бір дәлелі 2024 жылы өтетін Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Жеткен жетістігімізде аз емес. 2022 жылы қазақ күресінен Әлем чемпионаты, асық атудан Азия чемпионаты, құсбегіліктен Әлем чемпионаты сияқты халықаралық ауқымдағы ірі іс-шаралар өткізілді. Одан бөлек, елімізде бұрын-соңды болмаған республикалық «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафонын айтуға болады.Екі аптаға созылған бұл марафонда Астанадан Түркістанға дейін 1200 қашықты артқа тастап, шабандоздар өзара сынға түсті. Бұл бәйге биыл да жалғасын табады деп жоспарланған. Садақ ату спорты да ерекше ұлықталып жатыр. Атап айтар болсақ, осы жылы Қазақстан ұлттық арнасынан «Мергендер мекені» жобасы жарыққа шығады. Яғни еліміздің әр өңірінен іріктеліп алынған садақшылар телевизиялық түсірілімге жолдама алады. Бұл да болса ұлттық спортымызға бей-жай қарамай, ел тұрғындарын осы спортпен айналысуына ұйытқы болу. Тоғызқмалақ ойыны да қазір жақсы дәріптелуде. Қыркүйек айының 21-24 қыркүйек аралығында жасөспірімдер арасында Әлем чемпионаты өтеді. Қазіргі уақытта республика бойынша тоғызқұмалақтан 6856 үйірме жұмыс істейді. Ұлттық спорт - ұлттың рухын оятатын сала. 
 

2023 жылы жеткен жетістіктер қандай?

Парижде өтетін Олимпиада ойындарына 1 жыл ғана уақыт қалды. Қазіргі таңда лицензиялық жарыстар да басталып кетті. Спортшыларымызға артылар жүк те ерекше. Әуелі лицензия жеңіп алу, одан кейін Олимпиадада нәтиже көрсету. Биыл спортта жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Осы жылы отандастарымыз ресми халықаралық турнирлерде 586 медаль жеңіп алды. Соның ішінде Олимпиадалық спорт түрлері бойынша 373 жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, 121 алтын, 111күміс , 141қола медаль. Олимпиадалық емес спорт түрлерінен 118 медаль қоржынға түсті. Оның ішінде 53 – алтын, 38 – күміс, 27 – қола медаль. Ал, 95 жүлдені отандық параспортшылар жеңіп алды. Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша ҚР құрамасының қоржыны 33 алтын, 33 күміс және 27 қола медальмен толықты. Сондай-ақ, елордада алғаш рет дзюдодан «Qazaqstan barysy Grand Slam» жарысы өтті. Одан бөлек, параволейболдан Азия чемпионаты ұйымдастырылды. Отырып ойнаудан волейболшыларымыз жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бәсекеде 2-орынға ие болып, Олимпиадаға жолдама жеңіп алды. Сонымен қатар, былғары қолғап шеберлері де жоғары жетістікке жетті. Боксшыларымыз Ташкентте өткен Әлем чемпионатында 4 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық 2-орынға ие болды. Сондай-ақ Италияда өткен әлем чемпионатында семсерлесуші Руслан Құрбанов Қазақстан тарихында бірінші болып қола медаль иеленген спортшы атанды. Бұдан бөлек, 23 қыркүйек 8 қазан аралығында Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында 19 жазғы Азия ойындары жалауын көтереді. Ел намысын 700-ге жуық спортшы қорғайды. Байрақты бәсекеге 45 мемлекеттен 10 мыңнан астам спортшы 40 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Осылайша 474 медаль сарапқа салынады. Оның ішінде 381 олимпиадалық, 93-і олимпиадалық емес спорт түрлерінен. Дәл осы жарыста спортшыларымыз жақсы нәэиже көрсетіп жатса, Олимпиадалық лицензяны қанжығаға байлайды.

Өзгелердің жаңалығы