Шөкеев: Түркістан облысында этнос өкілдерінің 92%-ы қазақ тілін жетік меңгерген

21 Қазан 2021, 11:47
1847
Бөлісу:
Шөкеев: Түркістан облысында этнос өкілдерінің 92%-ы қазақ тілін жетік меңгерген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында Түркістан облысының әкімі, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Өмірзақ Шөкеев баяндады. 

Оның мәлімдеуінше, Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының 2019 жылғы сессиясында облыста этносаралық қатынастарды қалыптастырудың тұжырымдамасы қабылданған.

Тұжырымдаманы іске асыру барысында 2 мыңға жуық өзекті, тұрмыстық негізде туындаған мәселелерге нүкте қойылды.

Қазақ тілін этносаралық қатынас тілі ретінде дамыту міндеті аясында 10-нан астам жоба іске асырылды. Барлық қалалар мен аудандарда мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жұмыс істейді.

Жалпы алғанда, этностар өкілдері тарапынан қазақ халқының тілі мен мәдениетін үйренуге деген ұмтылыс жоғары. Облысымызда этнос өкілдерінің 92%-ы қазақ тілін жетік меңгеріп, қазақ мәдениетін білетіндігін толық сенімділікпен айтамыз, - деп атап өтті Шөкеев. 

Сонымен қатар қазіргі уақытта облыста жалпы саны 816 елді мекен болса, оның ішінде 56 елді мекенде әртүрлі этнос өкілдері шоғырланған.   

Барлық осы қоныстар бойынша жеке әлеуметтік карталар қалыптастырылып, өңірдің өзекті мәселелері белгіленді, оларды шешу жолдары айқындалды. Қоғамның тұрақтылығына ықпал ететін факторлар белгіленді, «нысаналы» жұмыс жүргізудің басымдықтары анықталды,- деді Өмірзақ Шөкеев Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Өзгелердің жаңалығы