Шағын және орта бизнес АХҚО арқылы инвестиция тарта алады

15 Қыркүйек 2020, 17:39
1951
Бөлісу:
Шағын және орта бизнес АХҚО арқылы инвестиция тарта алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирус дағдарысы әлем бойынша тікелей инвестиция ағымын азайтты. Азия Даму банкінің мәліметінше, 2020 жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 3,2%-ға төмендемек. Бұл, бірінші кезекте, мұнай бағасының төмендеуіне байланысты. 

Дегенмен, шикізат секторынан бөлек елімізде қаржы секторы, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібіне салынған қаражат көлемі артып келеді.

2020 жылдың бірінші тоқсанында шетелдік тікелей инвестиция көлемі 3,6 млрд долларды құрады. Соның ішінде негізгі инвесторлар - Нидерланды, АҚШ пен Ресей. Дағдарысқа қарамастан жоғарыда аталған салаларға салынған қаражаттың артуына «Астана» халықаралық қаржы орталығының ықпалы мол. 

Ұлттық экономиканың ахуалы мен заңнамаға айтарлықтай сене қоймайтын шетелдік инвесторлар ағылшын заңнамасы негізінде жұмыс істейтін юрисдикцияларды іздейтіні белгілі. Осы орайда «Астана» халықаралық қаржы орталығының ағылшынның жалпы құқығына негізделген заңнамасы мен тәуелсіз соты халықаралық корпорациялар мен инвесторлардың сенімінен шығады. 

2018 жылы құрылған халықаралық қаржы орталығы шетелдік инвесторлар үшін тек Қазақстанға ғана емес, жалпы өңір елдеріне «кіре» алатын бірегей платформа болып қалыптасты. Бүгінге дейін қаржы орталығына Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Ресей, Италия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия секілді әлемнің 42 елінен 545 компания келіп тіркелді. Бұл компаниялар еліміздің қаржы технологиялары, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне 444 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат салды. Алдағы уақытта көрсеткішті 3,5 млрд АҚШ долларына жеткізуге ниетті, - делінген хабарламада. 

Баспасөз қызметі хабарлағандай, АХҚО жанынан құрылған Astana International Exchange (AIX) биржасында елімізде алғаш рет юаньмен номиналданған облигациялар мен исламдық құнды қағаз – сукук секілді қаржы құралдары шығарылды. 

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры да елде алғаш рет «жасыл» облигацияларды сатты. Жалпы, биржа жұмыс істеп жатқан екі жылдай уақытта 2,7 млрд долларға жуық портфельдік инвестиция тартылды. Соның ішінде 2,4 млрд доллардан астамы облигация болса, қалған 220 млн доллары акция. Ал AIX биржасында құнды қағаздарын саудалайтын компаниялардың жалпы нарықтық құны 15 млрд долларға жетеді. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл 1 қыркүйектегі Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін барынша пайдалануды тапсырған еді. Мемлекет басшысы бұл алаң шетелден тікелей және портфельдік инвестиция тартатын негізгі құрал болуы тиіс екенін айтты. 
Әсіресе, коронадағдарыс кезінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы жергілікті бизнесті дамыту мен инвестициялық жобаларды іске асыруға, жұмыс орындарын ашуға оң ықпал еткен. 

Мәселен, AIX биржасында өңірлік акциялар нарығы (REMS) ашылды. Аталған сегментте алғаш болып отандық ЦентрКредит банкі тіркелді. Бұл Қазақстан мен Орта Азия елдеріндегі шағын және орта бизнестің акционерлік қаржыландырылуына жол ашады. Енді биржада ірі компаниялармен қатар орта бизнес те акцияларын шығара алады. Орта бизнес үшін қаржыландыру талаптары жеңілдетіліп, нәтижесінде орта кәсіпорындар банктерге қарағанда «Астана» биржасы арқылы оңай инвестиция тарта алады. 

Сонымен қатар, банктерден бөлек, отандық iKapitalist компаниясы да шағын және орта бизнес үшін қысқа және орта мерзімді қаржыландыру құралдарын ашты. Нақтырақ айтқанда, жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнес аталған платформаға шығарылған кәсіпорындардың облигацияларын сатып ала алады. Яғни, бизнеске қарызға ақша бере отырып, жылдық 20-25 пайыздық табыс таба алады. 

АХҚО экономикаға шетелден инвестиция тарту үшін қор нарығын сақтандыру және банк қызметтерін дамытуға, исламдық қаржыландыруды көбейтуге, қаржы технологиялары, электронды коммерцияны дамытуға барынша қолайлы орта қалыптастырды. Бұл ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылтып, жаңа салалар, кәсіпорындар мен жұмыс орындарының пайда болуына жол ашады. 

Айта кетейік, қаржы орталығының тұрақты дамуының стратегиялық бағыты – жабық циклді экономика, қаржы технологиясы мен «цифрлық қаржы орталығын» дамыту. Осы бағытта орталықтың міндеті – ел экономикасына инвестиция тартуға жәрдемдесу, қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру, еліміздің бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету.

Өзгелердің жаңалығы