ШОБ аясында 109 мыңнан астам жұмыс орны ашылды – Жақсылықов

24 Тамыз 2021, 17:04
1272
Бөлісу:
ШОБ аясында 109 мыңнан астам жұмыс орны ашылды – Жақсылықов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.

Бағдарламаларды іске асырудың барлық кезеңінде ШОБ субъектілері 109 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрды, 49 трлн теңге сомасында өнімдер шығарылып, қызмет көрсетілді, бюджетке жалпы сомасы 3,1 трлн теңге салық төленді, - деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

Тимур Жақсылықов атағандай, орта есеппен бюджеттен бөлінген 1 теңге субсидияға 6 теңге салық аударымы қайтарылады.

Мемлекеттік қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шараларынан басқа, Үкімет бизнеске жүктемені азайтуға, сұраныс нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жаңа реттеушілік саясатты енгізуге бағытталған бірқатар өзге де шараны қабылдады, - деді ол.

Жақсылықовтың айтуынша, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы салық режімі пайдаланылатын шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін табыс салығынан босату қолданылады.

Бұл шара жалпы сомасы 382 млрд теңгеге шамамен 1,2 млн микро және шағын бизнес субъектісін қамтиды. Бұл үнемделген қаражатты айналым қаражатын толықтыруға жұмсауға мүмкіндік береді, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы