Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс өңірінің шалғайда орналасқан елді мекендері тұрғындарын жылжымалы медициналық тексеріспен қамту шаралары басталды.
Бүгінгі күні аудан орталықтарынан алыс орналасқан ауылдардың халқы үшін сапалы медициналық қызмет пен көмек шараларын алу әлі де болса басты мәселе болып қалуды. Әлеуметтік медициналық сақтандырудың негізгі міндеттерінің бірі - көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру екені белгілі. Осы ретте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі қаражаты есебінен ауыл халқының денсаулығын қолдау және амбулаторлық-емханалық қызметтің, скринингтік бағдарламалардың, мейірбике ісінің, патронаттық қызметтің қолжетімділігін арттыруды қолға алды. Ал жылжымалы медициналық кешендер болса, аталған міндетті шешудің бір тетігі екені рас.
Биыл бұл шараны бірінші болып Катонқарағай ауданының медицина қызметкерлері бастады. Атап айтсақ, 11 наурыз күні аудандық ауруханадан аттанған алғашқы жылжымалы медициналық кешен ауа райының қолайсыздығына қарамастан шалғай орналасқан Ново-Поляковка ауылына барды. Автономды электр қуаттағышпен жабдықталған мобильді диагностикалық медициналық орталық аптап ыстық пен саршұнақ аязда да жұмыс істеуге бейімделген. Автобус 60 түрлі дертті анықтауға мүмкіндік беретін заманауи медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, автобусқа мүмкіндігі шектеулі жандардың медициналық тексерісті кедергісіз алуы үшін арнайы жеделсаты мен пандус орнатылған.
Ново-Поляковка ауылының тұрғындарын невролог, офтальмолог, санолог, педиатр, акушер-гинеколог, зертханашы, терапевт сияқты білікті мамандар тексеруден өткізді. Атап айтсақ, акушер-гинеколог – 25, жалпы тәжірибедегі дәрігер – 52, невропатолог – 20 ересек тұрғынды, ал педиатр маман алты баланы медициналық тексерістен өткізіп үлгерді. Бұдан бөлек, 148 адам цифрлық рентген, ультрадыбыстық зерттеу, ЭКГ аппаратарынан өтіп, толық зертханалық тексеріпен қамтылса, 31 тұрғын окулист маманның кеңесіне жүгінді. Тағы бір айта кетерлік жайт, сақтандырумен қамтылған ауыл тұрғындарына аталған барлық қызметтер МӘМС аясында тегін көрсетілді.
Жылжымалы медициналық кешеннің арқасында ауылдан алысқа ұзамай-ақ медициналық қызметті кең көлемде алуға мүмкіндік туғанын алға тартқан ауыл тұрғындары мұндай көмек алу үшін 60 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына сабылуға тура келетінін айтты. Ал мұндай арақашықтық әсіресе қарттар мен балалар үшін қиын болары анық.
Жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандар үшін өте қажет. Сол себепті біз шалғайда орналасқан ауылдарды аталмыш кешенмен аралаудың кестесін дайындадық. Осылайша, ауыл тұрғындарының профилактикалық тексеруден, скринингтен және білікті дәрігерлердің қарауынан өтуіне жағдай жасаудамыз, - деді Катонқарағай орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәуле Байгереева.