ШҚО-ның 11,5 мыңнан астам оқушысы «Мың бала» ұлттық олимпиадасына қатысады

23 Наурыз 2021, 15:43
2375
Бөлісу:
ШҚО-ның 11,5 мыңнан астам оқушысы «Мың бала» ұлттық олимпиадасына қатысады

 

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл 11,5 мыңнан астам шығысқазақстандық оқушы «Мың бала» ұлттық олимпиадасына қатысуға тілек білдірді.

Бұл туралы облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова хабарлады. 

Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев талантты балалар мен белсенді жастарды көтеруге бағытталған кешенді бағдарламалар енген «Ел Үміті» бастамасын көтерген болатын. Бүгінгі күні бұл жобаға еліміз бойынша 1,5 млнн-ан астам адам жұмылдырған. 

Аталған бастамаға қатысты барлық жоба Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім қоры және «Елбасы Академиясы» арқылы қаржыландырылып отыр.

Бұл еліміздің ауыл-аймақтарындағы оқушылар арасында жүргізіліп отырған бірегей жоба. Мұны ауылды жерлерде тұратын оқушылар үшін қосымша әлеуметтік мүмкіндік деп айтуға болады. Тек өткен жылы ғана аталған жобаға қатысушылардың қатары 295 мыңға жетіп жығылса, оның 15 мыңнан астамы шығысқазақстандық оқушылар болды, - деді Сайрангүл Жұмәділова. 

Олимпиада қорытындысы бойынша өңірдің ауыл-аймақтарынан қатысқан балалардың 72-сі жеңімпаз болып, олардың сегізі дарынды балаларға арналған республикалық және облыстық мамандандырылған мектептерінде білім алуға мүмкіндік алды. 

Білім басқармасы басшысының айтуынша, бүгінгі күні облысымыз бойынша 11 545 оқушы жобаның сайтында тіркеліп үлгерген екен.

Қоса кетсек, «Мың бала» ұлттық олимпиадасы екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең «Елбасы Академиясы» платформасында онлайн форматта ұйымдастырылады. Өз кезегінде ең жоғары балл алған 5 мың оқушы республикалық тестілеу орталықтарының базасында өтетін екінші кезеңге жолдама алады.

 

Өзгелердің жаңалығы